Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Алматыда Владимир Жириновскийге ескерткіш орнатуға қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КӨШЕРБАЕВТЫҢ ЖАУАБЫ
Ермек Көшербаев журналистердің сұрағына қысқа жауап қайырды.
- Жоқ, әрине, деді Көшербаев журналистердің ескерткіш орнатуға қатысты сұрағына.
Журналистер себебін сұрады.
- Жоқ деген соң жоқ. Не үшін қойылуы керек?, деді Көшербаев.
ДЕПУТАТТЫҢ ОЙЫ
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Ринат Зайытов ресейлік саясаткер Владимир Жириновскийге Алматыда ескерткіш орнатуға қатысты ойын айтқан болатын. Депутат ресейлік саясаткерге ескерткіш орнату ақылға қонбайтын нәрсе екенін айтты.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, 11 наурызда 2026 жылы бірнеше қалада Владимир Жириновскийдің құрметіне ескерткіш ашылуы мүмкін екені, тізімде Алматы да бар екені белгілі болды.
Ескерткіш саясаткердің туғанына 80 жыл толуын мерекелеуге дайындық және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспарының жобасы аясында ашылуы мүмкін. Бұған қатысты құжаттар ТАСС басылымына келіп түскен.
ӘКІМДІК НЕ ДЕДІ
Алматы әкімдігі ескерткіш орнатуға қатысты ұсыныс түспегенін айтты.
- Алматы қаласының мәдениет басқармасына В.Жириновскийге ескерткіш орнату туралы өтініш түскен жоқ. Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия тиісті ұсынысты қарастырған жоқ, дейді Алматы әкімдігінің өкілдері Ұлысмедиа тілшісіне берген жауабында.