Жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер оразаны қалай ұстайды

Сымбат Сатыбалдина

ҚМДБ өкілдері жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдердің оразасы жайлы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

Жүкті және емізулі баласы бар әйел оразада не істейді?

Жүкті әрі емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстау өзіне не баласына зиян беруден қорықса, ораза тұтпауға рұқсат етіледі. Кейін оразаның қазасын өтейді. Үзір себепті ауыздарын ашқандықтан кәффарат міндеттелмейді. Оған қоса підияны да бермейді. Өйткені құрсақтағы немесе омырауындағы балаға қауіптенгені үшін ауыз ашқаны қарт кісінің мәселесіне ұқсамайды. 

Жүкті әйелдер ораза ұстап жүріп, қан көрсе, оразасы бұзылады ма?

 

Кейбір әйелдерге жүктілік кезінде келген қан хайыз немесе нифас қаны болып саналмайды. Ол – истихаза қаны. Себебі нифас қаны – бала босанғаннан кейін келеді. Ал, жүктілік кезінде хайыз қаны келмейді. Сондықтан жүктілік кезінде келген қан истихаза қаны болып, оразаны бұзбайды.

Бала босанғаннан кейін нифас қаны 40 күнге жетпей тоқтаса, оразасын жалғастыра ма?

Жауап: Нифас – бала дүниеге келгеннен кейін келетін қан. Оның көбі 40 күн, ал азында шегі жоқ. Егер бала босанғаннан кейін нифас қаны 40 күнге жетпей тоқтаса, ораза ұстауға денсаулығы жараса, сол кезден бастап ғұсыл құйынып, оразасын жалғасырады. Ал бірер күн ғана тоқтап, қан қайта келсе, онда тоқтаған күндер нифас күндері саналып, ол күні ұстаған оразалардың қазасы кейін өтеледі.