Зардабы халыққа тиіп отыр: Оралда жолды қар суы басқан

Сымбат Сатыбалдина

Оралда қар суы жолды басқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Видео кадры

“Мой Город” басылымының мәліметінше, бұл жайт 13 наурызда болған. Ынтымақ ауылындағы жолды қар суы басқан.

ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕЙДІ

Ауылда 1982 жылдан бері тұратын жергілікті тұрғын Жұмабай Сейілбаевтың сөзінше, бұл жылда қайталанатын жағдай. Қар суы басқан жол – ауылға апаратын жалғыз жол көрінеді. 

- Бізге жедел жәрдем келе алмайды, балалар мектепке әрең барады. Ауылдың ішіндегі жолдар туралы айтпай-ақ қояйын. Бүгін қар суы аулаға кіріп, үйді баса бастады. Арықтар жасау керек қой. Ауылда жүз шақты үй бар. Дұрыстап жол салып берсін. Зардабын халық көріп отыр, дейді тұрғын.

Тағы бір тұрғын Хайролла Алабасовтың сөзінше, былтыр күзде жергілікті әкімдік жол салып береміз деп уәде берген. Бірақ жол әлі күнге дейін салынбаған.  

ӘКІМДІК ЖАУАБЫ ҚАНДАЙ

Дерқұл ауылы әкімдігі жергілікті тұрғындардың бұл проблемасынан хабардар екенін, алайда әзірге ештеңе істей алмайтынын айтқан. Себебі жол мұндай асфальт емес, қазба жол дейді. Әкімдіктегілер сондықтан су өзі ағып кетуі керек деп отыр. 

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, Дерқұл ауылынан Ынтымақ ауылына дейінгі 15 шақырым жолды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайын. Қаражат бөлінген соң бұл жол жөнделеді. Айта кету керек, ауылда 520 адам тұрады.