Шымкент әкімінің орынбасары блогерлерді сотпен қорқытты

Сымбат Сатыбалдина

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сарсен Құранбек өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерін бопсалайтын блогерлерді жазалау қажет екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

МӘН-ЖАЙ

- Қазір өзін блогер санайтын кейбір адамдар бопсалаумен айналысып жүр. Олар білім беру мекемелеріндегі қандай да бір кемшілікті көрсе, сол туралы жариялаймыз деп қорқытып, басшылардан ақша талап етеді. Бұл туралы біз жақсы білеміз. Ар-ұяттан безген осындай журналистер мен блогерлер бар екені елдің бәріне белгілі, деді әкім орынбасары.

Оның айтуынша, мектеп директорлары осындай бопсалаушылардан қорқып, олардың талаптарын орындауға мәжбүр.

- Директорлар қорқып қалған. Олар туралы әлеуметтік желіде немесе БАҚ-та қандай да бір ақпарат шығады деп қорқып, блогерлердің айтқанын істеуге мәжбүр. Бірақ қазір біздің ұстанымымыз өзгерді. Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, қорықпаңыз, олар жариялай берсін. Бірақ артынша дереу сотқа беріңіз. Бопсалаумен айналысатын блогерлер заң алдында жауап беруі керек. Павлодарда осындай бір блогер сотталып кетті. Мұндай жағдайлар аз емес, деді Сарсен Құранбек.

ТАРАЗ

Еске салайық, 9 наурызда тараздық блогер, «Болашақ плюс KZ» қоғамдық бірлестігінің өкілі Абай Жүндібаев бопсалады деген күдікпен ұсталған болатын. 

Облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасына спорт кешені директорын қорқыту және 2,5 млн теңге бопсалау туралы жедел ақпарат келіп түскен.

Пара алу кезінде Тараздың екі тұрғыны – Ахметжанов пен Кенесариев ұсталды. Олар кінәсін мойындап, ары қарай ынтымақтастық танытуға келісті. Ұсталғандардың бірі параны блогер Абай Жүндібаевқа апарып берген.