Wildberries, Ozon: Қазақстанда маркетплейстерге жаңа талаптар қойылады

Сырым Қаржас

Wildberries, Ozon, Temu, Aliexpress және басқа да электрондық сауда алаңдары Қазақстанда сауда объектілеріне теңестірілуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

Бұл туралы Астанада өткен тақырыптық форумда ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайынов мәлімдеді.

Не өзгереді

Шенеуніктің айтуынша, тұтынушылар онлайн сауда кезінде жиі қиындықтарға тап болады. 2024 жылы қазақстандықтардың шағымдарының үштен бірі электронды сауда саласындағы заңбұзушылықтарға қатысты болған. Көп азаматтар сапасыз немесе жалған тауарлар алған, сондай-ақ тауар мен қаражатты қайтару мәселелеріне кезіккен.

Егер дәстүрлі саудада сатып алушы сатушыны тікелей көрсе, ол сауда орталығының әкімшілігіне жүгінбей-ақ мәселені шеше алады. Ал электронды саудада жағдай басқаша. Егер маркетплейстегі сатушы тұтынушы құқығын бұзса, оны қалпына келтіру үшін жауапкершілік электронды сауда алаңына жүктеледі. Сондықтан оларды сауда объектілеріне теңестіру ұсынылып отыр," – деді Құсайынов.

Егер заң жобасы Парламентте мақұлданса, маркетплейстер тұтынушылардың құқықтарын қорғауға міндетті болады.

Болашақта, егер сатушы тұтынушы құқығын бұзса, электрондық сауда алаңдары бұл мәселеге араласуы тиіс. Егер сатушы өз міндетін орындаудан жалтарса, оның орнына маркетплейс тұтынушы алдындағы мәселені шешуге жауапты болады. Мысалы, Wildberries-те сатушы заңсыз әрекет жасаса, маркетплейс тұтынушы мәселесін шешіп, кейін сатушымен өзі есептеседі. Осылайша, электронды сауда платформалары жауапкершілік алады," – деп түсіндірді Құсайынов.

Маркетплейстердің салық төлеуі

Бұған дейін 2024 жылы Қазақстандағы онлайн-сауда платформаларының қанша салық төлегені туралы ақпарат жарияланған болатын.

2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша тұтынушылардан 56 мыңнан астам шағым түскен, оның 13 мыңы (23%-ы) электрондық саудаға қатысты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 144%-ға жоғары.