Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен аяғын уқалатамын деп дауға қалған Әбдужаппар Смановтың жаңа видеосы тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АСҚЫНҒАН АЯҚТЫҢ ДАУЫ
Видеоны Әбдужаппар Смановтың туысы желіге жариялады.
Бейнежазбада Сманов өзі де кезінде осылай әке-шешесінің аяқ-қолын уқалағанын айтады.
“Мен Ауғаннан келгеннен кейін әке-шешемнің қолындамын. Әкем жұмыстан ерте келсе де, кеш келсе де мен аяқ-қолын уқалап массаж болады. Әкемнің риза болғанша кетпейтінмін. Оны көрген менің перзенттерім менің аяқтарымды уқалап, белімді уқалап әдетке айналды,”- деді имам Сманов.
Сосын көпшіліктің көзінше аяғын уқалатқанын сынағандарға үлгі болу үшін істеттім дегенге саятын жауап береді.
“Балалардың сағын сындырмайын деп бұларға үндемеймін. Әсіресе медресенің балалары көрсін, медресенің балалары да тәлім-тәрбие алсын деген ниет қой”, – дейді Сманов.
ОҚИҒА ТУРАЛЫ
Түркістан облысындағы Сарыағаш медресесінің бас ұстазы Әбдужаппар Смановтың әрекеті әлеуметтік желідегі жұртшылықтың ашуына тиген еді.
Журналист Ораз Әлімбек Facebook-парақшасында медресенің бас ұстазының ерсі қылығы туралы жазған. Видеода бас ұстаз аяғын балаларға уқалатып қойған.
“Мынау Сатыбалды Әбішұлы атындағы Сарыағаш медресесінің шәкірттері. Оларға медресенің бас ұстазы Әбдужаппар Сманов бұтын уақалатып қойыпты. Сонда оқу-ағарту министрлігі медресе шәкірттеріне Смановтың бұтын уқаласын деп бюджеттен жүздеген миллиондап ақша бөле ме?! Мынау Смановқа тоқтау болмаса, ертең табанын жалатып, бас бармағын сордырады ғой ақыл тоқтатпаған балаларға,”дейді ол.
ТУЫСТАРЫ НЕ ДЕДІ
Артынша имамның туыстары бұл жағдайға араша түсті. Бас ұстаздың туыстары да оның аяғын уқалаған оқушылар емес, өз немерелері екенін айтты.