Марк Карни ресми түрде Канаданың премьер-министрі қызметіне кірісіп, елінің «ешқашан, ешқандай жағдайда АҚШ-тың бір бөлігі болмайтынын» мәлімдеді. Одан жақын арада мерзімінен бұрын сайлау өткізетінін жариялау күтілуде, бірақ әзірге Карни бұл қадамға барған жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz BBC-ге сілтеме жасай отырып.
МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН ӨТЕТІН САЙЛАУ ҚАЖЕТ ПЕ?
Канаданың кезекті сайлауы 20 қазаннан кешіктірілмей өтуі тиіс, алайда елдің саяси жүйесі Ұлыбританияға ұқсас болғандықтан, премьер-министр оларды ертерек өткізу құқығына ие.
ҮКІМЕТТІҢ АНТ ҚАБЫЛДАУЫ
Жұма күні Карни мен оның үкіметінің министрлері ағылшын және француз тілдерінде ант беріп, ресми түрде қызметтеріне кірісті. BBC дереккөздерінің хабарлауынша, Карниді жеке түрде мемлекет басшысы болып саналатын Карл III патша құттықтаған.
ЖАҢА КӨШБАСШЫНЫҢ ЖОЛЫ
Бұрын Канада мен Ұлыбританияның орталық банктерін басқарған Карни билеуші Либералдық партияның жаңа көшбасшысы сайлауында сенімді жеңіске жетті.
Партия көшбасшысы лауазымы 6 қаңтарда Джастин Трюдоның отставкасынан кейін босады, ол бұл қызметті 2013 жылдан бері атқарып келген. Ал жұма күні Трюдо премьер-министр қызметінен де ресми түрде кетті.
САЯСИ АХУАЛ ЖӘНЕ АҚШ-ПЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС
Қаңтарда Трюдо мен оның партиясының танымалдығы төмендеп, сауалнамаларда оппозициялық консерваторлардан ондаған пайыздық көрсеткіште артта қалған еді. Алайда Дональд Трамп АҚШ-тағы президенттік қызметін Канадаға сауда соғысын жариялаудан және оны аннексиялаймын деп қорқытудан бастады. Трамптың Трюдо мен либералдарға деген дұшпандығы канадалық қоғамда кері реакция тудырып, қазіргі уақытта сауалнамалар бойынша либералдар Пьер Полиеврдің Консервативтік партиясымен бәсекелесе алатын деңгейге жетті.
КАРНИДІҢ БОЛАШАҚ ЖОСПАРЛАРЫ
Дүйсенбіде Карни партияішілік сайлаудағы жеңісі кезінде сөйлеген сөзінде Трамптың қауіп-қатерін байыппен қабылдайтынын аңғартты.
Канаданың бұрынғы премьер-министрлері алғашқы шетелдік сапарын АҚШ-қа жасайтын, алайда BBC журналисі Лиз Дюсетттің дереккөздері Карнидің оның орнына дүйсенбі күні Париж бен Лондонға баратынын хабарлады.
«Біз ешқашан, ешқандай жағдайда АҚШ-тың бір бөлігі болмаймыз.Біз мүлде басқа елміз,» — деді Карни жұма күні алғашқы баспасөз мәслихатында.
Жаңа премьер Америка мен Трамптан «құрмет күтетінін» атап өтті.