Қазақстанда айыппұлдың жаңа түрі пайда болды

Сымбат Сатыбалдина

Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын бұзған кәсіпкерлер енді ескерту жасаумен шектеліп қана қоймай, оларға айыппұл салынатын болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

ЖАҢА ТҮЗЕТУЛЕР

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске (ӘҚБтК) енгізілген түзетулер 13 наурызда күшіне енді. Бұл өзгерістерге сәйкес, тұтынушылардың құқықтарын бұзуға: олардың құқықтарын қорғау туралы ақпаратты орналастыру міндеттемелерін орындамау, шағымдарға уақытылы жауап бермеу және тауарды қайтару мерзімдерін сақтамау жатады.

Енді кәсіпкерлерге бұрынғыдай ескерту жасалып қана қоймай, айыппұл салу жүйесі енгізілді.

Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте сауда және интеграция министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайынов еске салды.

Журналистердің бірі: “Қашан қазақстандықтардың құқығы тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде қорғалатын жағдайға жетеміз? Заңды жүйелі түрде елемейтіндерге қандай қатаң шаралар мен нақты айыппұлдар қарастырылып отыр?” деп сұрады.

ЖАУАП

- 13 наурызда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауқымды өзгерістер енгізілді. Бұған дейін тұтынушылардың құқықтарын бұзу бойынша тек ескерту берілетін. Бұл ӘҚБтК бойынша ресми санкция болып саналды. Енді айыппұл салынады. Жаза мөлшері бизнес түріне қарай сараланған: шағын бизнеске – 15 АЕК (2025 жылы 58 980 теңге), орта бизнеске – 20 АЕК (2025 жылы 78 640 теңге), ірі бизнеске – 25 АЕК (2025 жылы 98 300 теңге), деп түсіндірді Серік Құсайынов.

ШАҒЫМ

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, 2024 жылы сауда министрлігіне қазақстандықтардан 62,5 мың түрлі шағым түскен. Ал биыл екі айдың ішінде 10 мыңнан астам шағым тіркелді. Қазақстандықтардың ең көп шағымданатын салалары – туризм, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау және сауда.