Трамп пен Путин бүгін телефон арқылы Украина мәселесін талқылайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЕКІНШІ РЕТ СӨЙЛЕСЕДІ
АҚШ пен Ресей президенті Дональд Трамп пен Владимир Путин сейсенбі күні телефон арқылы сөйлесуді жоспарлап отыр. Бұл байланыс – Трамптың АҚШ-тың 47-президенті ретінде инаугурациясынан кейінгі екінші ресми әңгімесі болмақ. Сонымен қатар, ол Қырымды Ресейдің басып алуының он бір жылдығымен тұспа-тұс келеді.
ӘҢГІМЕ НЕ ЖАЙЛЫ
Президенттердің сейсенбі күні телефон арқылы сөйлесуді жоспарлағанын алғаш болып Дональд Трамп хабарлады. АҚШ президенті бұл әңгіме барысында территориялар мен атом электр станцияларын бақылау мәселесін көтеруді көздеп отырғанын айтты. Кремль де осындай байланыс орнату жоспарын растады, алайда Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков әңгіме тақырыптарын ашып көрсетпеді. Ол тек бұл келіссөздердің негізінен Украина дағдарысын реттеу мәселесіне арналатынын атап өтті.
Сондай-ақ, Песков телефон арқылы сөйлесудің Ресей мен АҚШ арасындағы екіжақты қатынастарды жандандырудағы маңызды қадам екенін және оның болашақ келіссөздерге бағыт беретінін айтты.
12 АҚПАНДА СӨЙЛЕСКЕН
Бұған дейін 12 ақпанда Путин мен Трамп телефон арқылы сөйлескен. Әңгіме шамамен бір жарым сағатқа созылған. Келіссөздер барысында екі ел азаматтарын алмасу, Украинадағы жағдайды реттеу, сондай-ақ Таяу Шығыстағы жағдай, Иранның ядролық бағдарламасы және екіжақты экономикалық байланыстар секілді мәселелер талқыланған. Сондай-ақ, тараптар жеке кездесуді ұйымдастыруды қоса алғанда, тікелей байланыстарды жалғастыруға уағдаласқан.
АҚШ ПЕН УКРАИНАНЫҢ КЕЛІССӨЗІ
Бірнеше күн бұрын Украина АҚШ-тың 30 күндік атысты тоқтату режимі туралы ұсынысына келісімін берген еді, бірақ бұл талапты Ресей де қабылдап, бір уақытта орындаған жағдайда ғана тоқтатамыз деді. Бұған жауап ретінде Вашингтон қару-жарақ тасымалын қайта бастап, барлау деректерімен алмасуды жалғастыруға уәде етті. Сауд Арабиясында өткен екі ел өкілдерінің келіссөздерінің басты қорытындылары солай аяқталған.