Жетісу облысында жігітпен әлеуметтік желіде танысып, оны үйіне шақырып, артынша ақша бопсалаған үш қыз ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҮШ ӘЙЕЛ
6 наурызда Жетісу облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 800 000 теңге көлемінде ақша бопсалау фактісі бойынша күдікті үш әйел адамды ұстады.
ОҚИҒА ТУРАЛЫ
Ақпан айында «Б» есімді ер адам «Друг Вокруг» мобильді қосымшасы арқылы «А» есімді қызбен танысқан. Екеуі өзара әңгімелесіп, қыз оны өз үйіне қонаққа шақырған. Алайда ер адам үйге келгенде, пәтерде тағы екі бейтаныс қыз болған. Біраз уақыттан кейін олардың бірі жігітке басқа бөлмеге барып оңашалану туралы ұсыныс жасаған.
Ер адам мен қыздардың бірі бөлмеге кіріп, шешіне бастаған кезде, кенет екі қыз ішке баса-көктеп кіріп, айқайлап, оны кәмелетке толмаған қызды зорламақ болды деп айыптаған.
ТАҢДАУ
Алаяқтар ер адамға екі таңдау қалдырған: не оларға 800 000 теңге береді, не олар полицияға арыз жазады. Кепілдік ретінде оның жеке куәлігін, техникалық паспортын және жүргізуші куәлігін алып, толық соманы алғаннан кейін құжаттарын қайтаратынын айтқан. Күдіктілердің қысымынан сескенген ер адам екі рет 50 000 теңгеден беріп үлгерген. Алайда 30 000 теңгені беру кезінде күдікті әйел адамдар құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен ұсталған.
ТЕРГЕУ
Қазіргі таңда тергеу жүргізілуде. Полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қылмысқа қатысы бар басқа да адамдардың бар-жоғын тексеруде.