Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бүгін "президенттің саяси реформаларын іске асыру – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі" тақырыбында баяндама жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚОШАНОВ НЕ ДЕЙДІ
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бүгін "президенттің саяси реформаларын іске асыру – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі" тақырыбында баяндама жасады.
Қошановтың айтуынша, елде 30 жыл бойы суперпрезиденттік жүйе болып, үш жыл бұрын оның сеңі бұзылған. Қошанов президенттің пәрменімен елде көптеген реформалар жүргізіліп, әділ сайлаудың арқасында парламент жасақталып, елге активтерді қайтару жұмыстары жүргізілгенін айтады.
Оның сөзінше президентті сайлау мерзімі өзгеріп, ауыл, аудан әкімдерінің сайлауы басталған. Дәрігерлер мен мұғалімдердің айлығы өсіп, студенттердің шәкіртақысы өскен.
Қошанов Қаңтар оқиғасына тоқталып, сол тақырыпта «екі рет парламенттік тыңдау өткізіліп, тергеу органдарының мәліметтері бүкпесіз жарияланды, ел көкейіндегі көптеген сұрақтарға жауап берілді» деп мәлімдеді.
Ел тарихында тұңғыш рет Конституцияның үштен біріне демократиялық принциптерге сай түбегейлі өзгерістер енді. Үш жылдың ішінде билік тармақтарының бәрі толықтай жаңарып-жаңғырды. Конституциялық референдум, Президент және Парламент сайлауы өтті. Жалпы, бұл өзгерістер президенттік институттан басталды. Суперпрезиденттік басқару жүйесі шектелді. Президент енді ешқандай партияға мүше болмайды. Жақын туыстарының жоғары лауазымды қызмет атқаруына тыйым салынды. Мемлекет басшысының жеке бастамасымен Конституцияға бір реттік, жеті жылдық мерзім қағидасы енгізілді. Бұл болашақта биліктің бір қолға шоғырлануына жол бермейтін заңды тетік болды. Айта кету керек, мұндай тәжірибе әлемнің санаулы мемлекеттерінде ғана бар. Осының бәрі ел мүддесі, мемлекет болашағы үшін жасалған батыл да табанды қадамдар екені сөзсіз, – дейді Қошанов.
Оның айтуынша, түрлі деңгейдегі өкілді органдардың құрамы қайта жасақталған. Аудан, ауыл әкімдері сайланбалы жүйеге көшкен. Елдегі саяси ұйымдардың, азаматтардың белсенділігі арта түскен.
Жоғарыда айтқанымдай, біз мүлде жаңа, сәт сайын құбылып, өзгеріп жатқан тарихи дәуірде өмір сүріп отырмыз. Ал, тарихта екінші мүмкіндік деген болмайды. Халық, ұлт ретінде соны түсінуіміз керек. Өткеннен сабақ алып, сараптап, болашаққа сеніммен қадам басу – нағыз жасампаздықтың белгісі. Жарқын болашақ дегеніміз – тағдырдың жәй ғана сыйы емес. Біздің адал еңбегіміздің, төккен теріміздің өтеуі болатынын жадымыздан шығармайық. Бұл жолда ұлт болып, жұрт болып жұмылып, бірге жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын. Осы залда қаншама елге белгілі азаматтар, депутаттар отыр. Қазір біразыңыз өз ойларыңызды бөлісесіздер. Соның бәрін қорытып, бүгін еліміздің барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерін мемлекет басшысының төңірегінде топтасуға және Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негізделген резолюция қабылдауды ұсынамын – дейді ол.
Отырыс жалғасып жатыр.