Жаңа Қазақстанға тас ататындарды көріп жүрміз – Ермұрат Бапи

Аян Өрібай

"Президенттің саяси реформаларын іске асыру – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі" тақырыбында өтіп жатқан мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бапи ескі билікті аңсаушылар жайлы тағы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

Ескілердің ерегескен қарсылығы «Қаңтардан» кейін де дамыл тапты деп айта алмаймыз. Қазыналық бюджеттік астаудан қағылған, халықтың мұратына мұртын батыруға қайтып оралуда аңсаған олардың астыртын айқасы әлі де жалғасып жатыр. Бүгін де протестік пиғылдағы қауымдастықты өз қатарына қаратудың жанталасқан қамын жасауда. Әлеуметтік желілерде жалаулатып жүрген жекелеген қоғамдық пікір серкелерінің Жаңа Қазақстанға қарай атқан тасы – ескілердің есесін күйттейтінін көріп жүрміз. Жеке дара билікке табыну дерті өн бойына сіңіп кеткен мемлекеттік бюрократиялық аппаратты да созылмалы автократиялық дерттен айырту оңай болмай тұрғанына көзім жетті, – дейді ол.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұған дейін "президенттің саяси реформаларын іске асыру – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі" тақырыбында баяндама жасаған еді. Қошановтың айтуынша, елде 30 жыл бойы суперпрезиденттік жүйе болып, үш жыл бұрын оның сеңі бұзылған. Қошанов президенттің пәрменімен елде көптеген реформалар жүргізіліп, әділ сайлаудың арқасында парламент жасақталып, елге активтерді қайтару жұмыстары жүргізілгенін айтады. Оның сөзінше президентті сайлау мерзімі өзгеріп, ауыл, аудан әкімдерінің сайлауы басталған. Дәрігерлер мен мұғалімдердің айлығы өсіп, студенттердің шәкіртақысы өскен.

Қошанов Қаңтар оқиғасына тоқталып, сол тақырыпта «екі рет парламенттік тыңдау өткізіліп, тергеу органдарының мәліметтері бүкпесіз жарияланды, ел көкейіндегі көптеген сұрақтарға жауап берілді» деп мәлімдеді.