Дубайдағы Қазақстан: Антикор қылмыстық іс қозғады ма

Сымбат Сатыбалдина

Антикор төрағасының орынбасары Данияр Құрақбаев бұған дейін журналистер арнайы тергеуде хабарлаған отандық элитаның мүлкі неге Қазақстанға қайтарылмай жатқанын түсіндіруге тырысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

МӘН-ЖАЙ

Құрақбаев қазақстандық элитаның Дубайдағы мүлкі туралы ақпарат журналистік зерттеу болып саналатынын атап өтті. Оның сөзінше, құқық қорғау органдары тергеліп жатқан қылмыстық істер аясында мүлікті қайтарумен айналысады.

Егер кінәлі адам ақша жымқырып, пара алған болса, сол ақшаға Қазақстаннан немесе шетелден мүлік алған болса… Осындай жағдайда ғана активтерді қайтару бойынша процесс басталады. Қылмыстық іс қозғалып, активтерді қайтарумен айналысамыз. Егер біреудің шетелде мүлкі болса, біз оны жайдан-жай соттың рұқсатынсыз тексере алмаймыз. Дегенмен материалдарды жедел бөлімшелер назарға алды, деді Құрақбаев. 

ДУБАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН

Еске  сала кетейік, бұған дейін журналистер #DubaiUnlocked жаһандық тергеу нәтижелерін жариялаған болатын.

Бірқатар қазақстандық шенеуніктер мен жоғары лауазымды тұлғалардың Дубайда қымбат жылжымайтын мүлікке иелік ететіні белгілі болды. Кейбір пәтерлер олардың балаларының атына жазылған. Мәселен, тергеуде Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші әйелі Әсел Құрманбаева, Қайрат Сатыбалды, ІІМ-нің бұрынғы басшысы Ерлан Тұрғымбаевтың ұлы, бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің ұлы және басқалары аталып өтеді.

Бұған дейін Азаттық жүргізген "Дубайдағы Қазақстан" зерттеуінің соңғы бөлімі жарияланған. Бұған дейін Араб Әмірліктерінен үй алған мұнай саласы топ-менеджерлері, полковниктер мен генералдар, министрлер мен әкімдер туралы айтылса, бұл жолы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев әулетінің активтері көрсетілген.