«Қаламқастағы» жұмысшылар 300 шақырымдағы Ақтауға жаяу шығып кетті

Ulysmedia

Ақтаудағы орталық алаңға шыққан халықты қолдау үшін Қаламқас кен орнындағы жұмысшылар жұмысын тастап, 300 шақырым жердегі Маңғыстау облысының орталығына жаяу шығып кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Скриншот

Жұмысшылардың жаяу шығып кеткені туралы әлеуметтік желіде видео жарияланып жатыр. Қаламқас кен орнының негізгі операторы – ҚМГ еншілес кәсіпорны «Маңғыстаумұнайгаз». Ulysmedia.kz порталының тілшісі аталмыш компанияның баспасөз қызметіне хабарласып, аталмыш видеоларға қатысты ақпарат сұраған. Алайда баспасөз қызметі мәлімет беруге құзыретті емес екенін, ол туралы ақпаратты алда ҚазМұнайГаз компаниясы өзі тарататынын хабарлады.

Айта кетерлігі, аталмыш кен орнында бір ауысымда шамамен 1500-ден астам адам еңбек етеді. Кен орнының өзі Ақтаудан шамамен 300 шақырым жерде орналасқан.

Қаламқас мұнай-газ кен орны — Маңғыстау облысында орналасқан мұнай және газ кен орны. Кен орнының құрылымы 1974 жылы белгілі болды, іздестіру-бұрғылау жұмыстары 1976 жылы басталып, сол жылы кен орны ашылды. Қаламқас мұнай-газ кен орны өзі қарайтын «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының жалпы мұнайының 70 пайызын өндіретін ірі кен орны. 1979 жылдың 2 наурызында Қаражанбас газ-мұнай кен орнымен бірге өз алдына «Комсомолскнефть» мұнай-газ өндіру басқармасы болып құрылған. Ол атау 1992 жылы «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасына өзгертіліп, кен орны өз төл атауын иемденген. Кен орны 1980 жылдың 2 қарашасында алғашқы миллион тонна мұнайын өндірсе, одан 25 жыл өткен соң 2005 жылдың 6 маусымында 100 миллионыншы тонна «қара алтынын» өндіруге қол жеткізген.