"Астанаға аштық келген бе": Қадір түнінде адамдар азық-түлікке таласты

Сырым Қаржас

Елорданың Әзірет Сұлтан меші аумағында түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Оқиға наурыздың 26-сынан 27-сіне қараған түні – қасиетті Қадір түні болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz .   

Видеодан алынған кадр

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бейнежазба авторының айтуынша, қасиетті Рамазан айының Қадір түнін мешітте қарсы алған астаналықтарға қаладағы мейрамханалардың бірі тегін тамақ таратқан. Алайда кәсіпкердің қайырымдылық ісі оқыс жағдаймен аяқтала жаздады. Ақысыз берілген азық-түлікке таласқан адамдар бірін-бірін таптап, жапа-тармағай сыртқа жүгірді. Кадрдан мешітке барғандардың дені жастар екені көрінеді. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Дегенмен жұрттың бұл қылығы шара ұйымдастырушыларын алаңдатқаны рас. Бұл бейнежазбаны көрген желі қолданушылары: “Астанаға аштық келген бе?”, “Қадір түнінің қадірін кетірді ғой”, “Масқара, тамаққа таласып бірін-бірі таптады”, “Халық не болып бара жатыр?” деп азық-түлікке таласқан жұртты сынға алса, енді бірі “Студенттер шығар, жазғырмайық”, “Халықтың тұрмысы шынымен де нашар, ішерге ас таппай отырғандар көп қазір” деп бұқараның әрекетін түсінуге тырысты.