Ешқашан ажыраспаңдар – Ғаділбек Жаңай жаңалығын айтты

Сымбат Сатыбалдина
Ашық дереккөзден

Ғаділбек Жаңай марқұм журналист Бейсен Құранбектің сөзін әніне қосты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ӘН ТУРАЛЫ

Әнші жаңа әнінде ажырасу тақырыбын қозғаған. Онда Ғаділбек Бейсен Құранбектің отбасылық қағидасының бірін атап өткен. 

 – Ешқашан ажыраспаймыз. Маған әйел, саған күйеу табылар, ал балаларға бөтен біреу әке-шеше бола алмайды, деп басталады ән. 

Жаңа әннің шығатыны әзірге белгісіз. 

БЕЙСЕННІҢ ОТБАСЫЛЫҚ ҚАҒИДАСЫ

Айта кетейік, «Бейсен және болмыс» кітабында журналист жиырма жеті жасында өз отбасының ата заңын өзі жазғаны айтылады. Әйелі екеуінің отбасылық он шарты бар. Оның сегізі жария, екеуі құпия. 

8 ҚАҒИДА

  • Біздің отбасымызда сыйластық бірінші кезекте тұру керек. «Үйленген күннен бастап отағасына «сіз» деп тіл қатасың», – деп келістік.
  • Сенің ата-анаң – менің ата-анам, менің ата-анам – сенің ата-анаң. Балдызыма ақыл айтсам, туған қарындасыма айтқандай айтам, келіншегім қайнысына ұрысса, туған інісіне ұрысқандай ұрысады.
  • Қандай сыйлы қонақ келсе де, үйімізге ішімдік кіргізбейміз.
  • Баланы мектепке дейін хан сияқты сыйлаймыз, мектеп кезінде шәкірт сияқты тәрбиелейміз, мектептен соң дос сияқты сырлас боламыз, бірақ ақыл айтпаймыз.
  • Ренжісіп қалсақ, бес минуттан соң сөйлесеміз. «Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше». Біреуіміз қылт етсек, екіншіміз уақыт санап отырамыз.
  • Үйде ер-азамат есеп бермейді, телефон соғып: «Қайда жүрсің? Қашан келесің?» деген сұрақ қойылмайды.
  • Ешқашан ажыраспаймыз. Маған әйел, саған күйеу табылар, ал балаларға бөтен біреу әке-шеше бола алмайды.
  • Біздің үйде ағайын-туыс туралы өсек-аяң болмайды.