Астрофизика институтындағы күтпеген шешім: Ғылым күні ғалымдар жұмыссыз қалды

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Алматыда В. Г. Фесенков атындағы Астрофизика институтының қызметкерлері Ғылым күні жұмыстан босатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
 

МӘН-ЖАЙ

Ғалымдардың кәсіби мерекесі – 12 сәуір күні жұмыссыз қалғаны туралы В. Г. Фесенков атындағы Астрофизика институтының Ай мен планеталар физикасы зертханасының меңгерушісі Виктор Тейфель хабарлады.

Оның айтуынша, институт қызметкерлері еш себепсіз жұмыстан босатылған.

ДӘЙЕКСӨЗ

— Өкінішке қарай, сіздерге жағымсыз жаңалықты хабарлауға тура келіп отыр. Біздің зертхана үшін, оның басшысы мен қызметкерлері үшін бүгін – "Помпейдің соңғы күні". Ертеңнен бастап бізді институттан аяқ асты және нақты себептерін түсіндірместен жұмыстан босатып жатыр, – деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Ulysmedia тілшісі ғалыммен байланысқа шығып, мән-жайды анықтау үшін тиісті органдарға сауал жолдады.

АНЫҚТАМА

Виктор Тейфель — қазақстандық танымал астрофизик, ол В. Г. Фесенков атындағы Астрофизика институтының жетекші қызметкерлерінің бірі. Бұл мекеме – 1941 жылы Василий Фесенковтың бастамасымен құрылған және ҚР Аэроғарыш комитетінің жанындағы Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығының еншілес ұйымы.