Астана тұрғындары қалалық қоғамдық көліктегі тазалық мәселесін көтерді. Әлеуметтік желілерде автобустардың ішіндегі лас жағдайға байланысты шағым тарап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Instagram-дағы танымал парақшалардың бірі автобус салонындағы жағдайды сынап, жазба жариялады. Жазба авторы №14 бағыттағы автобустың ішіндегі ахуалға наразылық білдірген. Оның айтуынша, автобустың іші шаң, құм және лас.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Сәлеметсіздер ме, №14 маршрут өте лас, ішінде шаң мен құм бар. Автобустарды неге парк ішінде жумайды? Бұл – әсіресе Астанаға келетін қонақтар алдында өте ұят жағдай, – делінген жазбада.
Жазба астындағы пікірлерде қолданушылар авторды қолдап, тазалық мәселесі тек №14 бағытқа ғана емес, басқа маршруттарға да қатысты екенін атап өтті.
Қала тұрғындары тиісті қызметтерден шара қолданып, автобустардың ішін ретке келтіруді сұрап отыр.
Астанада №35 автобус маршрутының қозғалыс сызбасы уақытша өзгертілгенін хабарлаған едік.