«Астана-Зеленстрой» жұмысшыларының наразылығы: Астана әкімдігі не дейді

Аян Өрібай
скриншот

Астана қаласының әкімдігі «Астана-Зеленстрой» мекемесі жұмысшыларының наразылығына байланысты ақпарат таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ

Астана әкімдігінің хабарлауынша, 21 сәуір күні таңғы сағат 8:00-де жүргізушілердің рұқсат етілмеген жиналысы өткен. Жиналғандардың негізгі талабы – жалақыны көтеру.

Осы ретте атап өтерлігі 2024 жылы жүргізушілер мен механизаторлардың барлық төлемдерді қоса есептегендегі орташа айлық жалақысы 690 746 теңгені құрады. 2024-2025 жылдар аралығында барлығы 15 мәрте сыйақы берілген. Сонымен қатар, кәсіпорын қызметінің маусымдық сипатын ескере отырып, қараша айының ортасынан наурыздың ортасына дейінгі қыс мезгілінде ұжым ішіндегі әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында жүргізушілер мен механизаторларға жалақы кәсіпорынның өз қаражаты есебінен тұрақты түрде уақтылы төленіп отырды. Сондай-ақ, кәсіпорында 1 жылдан артық жұмыс істеген қызметкерлерге бір айлық жалақы көлемінде сауықтыруға арналған жәрдемақы қарастырылған. Жиналғандармен мекеме басшылығы тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деп хабарлайды әкімдік.

ЖҰМЫСШЫЛАР НЕГЕ НАРАЗЫЛЫҚҚА ШЫҚТЫ

«Астана-Зеленстрой» мекемесінің жұмысшылары бүгін наразылыққа шыққан еді. Жұмысшылар ең әуелі айлық мәселесін көтеріп отыр. Осы талаппен компанияның бас кеңсесінің алдына келген. 

Біздің мұнда жиналғандағы мақсатымыз – айлығымызды дұрыс бермейді, берген жағдайда да окладтан төмендетіп береді. “Айлықты көтереміз” деп келе жатқанына үш жыл болды. Мұнда айтары бар наразы адамдар көп. Басқа да айтылар проблемалар бар. Директор боқтап сөйлейді. Қазір осында тұрмыз. Мұнда учаскелік полиция келіп тұр. “Жол жаппаңдар, қырғын төбелес болмасын” деді. Бірақ бізге төбелес немесе басқа ештеңе керек емес, тек қажетті айлықты көтерсін деп отырмыз, – дейді жұмысшылардың бірі.

КОМПАНИЯ ЖАЙЛЫ

«Астана-Зеленстрой» — Астана қаласының аумағын көгалдандыру және абаттандырумен айналысатын мемлекеттік кәсіпорын. Компания 2005 жылы бұрынғы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын «Зеленстройдың» негізінде құрылған. Компания ағаштар, бұталар, гүлзарлар мен газондарды егіп, күтіп-баптау, қалалық саябақтар мен скверлерді абаттандыру, фонтан жүйелерін күтіп ұстауға, ландшафтық жобалау және көгалдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге жауапты.

2023 жылы компанияның бұрынғы бас директоры болған Айбар Наурызәлі 9 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін 185 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелген еді.