Әнші Сиви Махмудидің бұрынғы күйеуі Аңсар Қажымұқанұлына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды. Бүгін аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық фактісі бойынша (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) Аңсар Қажымұқанұлына қатысты үкім шығарды.
ТАҒЫЛҒАН АЙЫП
Аңсар Қажымұқанұлы жәбірленуші А.-ның туысы өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды заңсыз сақтау фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын, оның тергеу изоляторына қамалғанын біліп, полиция қызметкерлерінің арасында іс жүзінде таныстары жоқ бола тұра, қалыптасқан жағдайды пайдаланып, әрекетін ауырдан неғұрлым жеңіл жазаға саралау мәселесін шешу үшін полиция қызметкерлеріне беремін деп жалған айтып, алаяқтық жолымен А. және оның туыстарының 50 мың АҚШ доллары сомасындағы ақша қаражатын жымқырған.
Осылайша, Аңсар Қажымұқанұлы жәбірленушілерге аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірген. Оның кінәсі куәлардың айғақтарымен, беттестіру хаттамасымен, сот-психологиялық-филологиялық сараптаманың қорытындысымен дәлелденді.
ТАРАПТАР НЕ ДЕЙДІ
Прокурор Аңсар Қажымұқанұлына 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Қорғаушы тарап бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
ҮКІМ
ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің санкциясы мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 5-тен 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп жас балалардың болуы, кінәсін мойындауы, шын жүректен өкіну танылды. Ауырлататын мән-жайлар жоқ.
СОТ ШЕШІМІ
Сот үкімімен Аңсар Қажымұқанұлы ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.