Зайсаннан газ табылса тағы Қытайға экспортталуы мүмкін

Аян Өрібай
Ұлысмедиа коллажы

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов баспасөз мәслихатында Зайсан ауданындағы Сарыбұлақ кенішінің маңында қосымша газ барлау жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бүгінгі отырыста айтылмады. Зайсандағы газ мәселесін қалай реттегелі жатырсыздар? Ол жақта газ қоры таусылуға жақын. Бір ақпараттарға қарағанда, Сарыбұлақтан шыққан мұнайды Қытайға сату арқылы газ қорын алуға болады деген ақпарат бар. Расында солай бола ма? – деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі министрден.

МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ

Бұл сұраққа жауап берген Ерлан Ақкенженов қазір Тарбағатай-мұнай компаниясымен келіссөз жүргізіліп жатқанын айтты. Сөзінше, жаңа зерттеу жұмыстары қосымша газ алып келуі керек. 

Біріншіден ол – газ. Мұнайдың көлемі аз. Мұнай жолшыбай келе жатыр. Мұнай ол жерде өңделмейді. Ол газ кен орыны.

Енді оны анықталатын газ қоры бойынша қарастыру керек. Неге десеңіз Зайсан өңірінде газ жеткілікті деп айтуға келмейді. Сол үшін, әрине, бірінші ішкі нарыққа алуды қарастырамыз, - деген министр нақты шешім қабылдау үшін қосымша барлау жұмыстарының қорытындысын күту керектігін жеткізді.

“Газ табылып жатса, қоры үлкен болса, қытайға экспортталуы мүмкін бе” деген сұраққа министр “бірінші кезекте Зайсан ауданы мен оған іргелес жатқан аудандарды газдандыру мәселесіне басымдық берілетінін” айтты.

Қытайға экспортталуы мүмкін. Бірақ бірінші мақсатымыз – ішкі нарықты қамтамасыз ету. Зайсаннан бөлек Тарбағатай, Көкпекті және басқа да аудандар бар. Нақты неше ауданға газ тартылтаныны айту үшін әуелі қосымша барлау кезінде газ қоры табылу керек, - деді министр.

ЗАЙСАННЫҢ МҰНАЙЫ

Кейінгі кезде Шығыс Қазақстандағы «Сарыбұлақ» кен орны жайлы жиі айтыла бастады. Газ шыққан аймақтан енді мұнай өндіру амалдары қарастырыла бастағанын жазған едік. Кен орнын игеріп жатқан «Тарбағатай Мұнай» компаниясы жайлы БАҚ-та бұрын көп жазылған. 2023 жылы Жоғарғы сот газ өндіретін кәсіпорын 2015-2019 жылдар аралығында газды әлемнің нарықтық бағасынан құнын төмендетіп сатып, шетелге жөнелтті деп танып, 6 млрд теңгеден астам сома салық төлеуге міндеттеген еді.