Ғалымдар қатерлі ісікті 99% дәлдікпен танитын әдіс тапты

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі (NHS) қатерлі ісікті ерте сатысында анықтайтын жаңа қан талдауын сынақтан өткізуді бастады. Sky News мәліметінше, miONCO-Dx деп аталатын тест қатерлі ісікті 99% дәлдікпен анықтай алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл талдауды Саутгемптон университетінің ғалымдары мен Xgenera стартапы бірлесіп әзірлеген. Жобаға мемлекет тарапынан 2,4 миллион фунт стерлинг бөлінді.

10 ТАМШЫ ҚАНМЕН 12 ТҮРЛІ ІСІКТІ БАЙҚАУҒА БОЛАДЫ

Финалдық сынақ кезеңінде тесттің тиімділігі 8000 пациенттің қатысуымен тексеріледі. Бар болғаны 10 тамшы қан 12 түрлі кең таралған қатерлі ісік түрін анықтауға мүмкіндік береді:

  • Өкпе

  • Асқазан

  • Простата

  • Өңеш

  • Бауыр

  • Қуық

  • Жатыр және аналық бездер

  • Ішек

  • Ұйқы безі

  • Сүт безі

  • Саркома

  • Ми ісігі

Тест ісік жасушалары бөлетін микроскопиялық ДНҚ бөлшектерін қаннан іздейді. Бұл бөлшектер адамда симптомдар байқалмай тұрып-ақ анықталады.

БҰЛ ТЕСТ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

Бұған дейінгі сынаққа 20 мың адам қатысқан. Жаңа зерттеу Bowelbabe зертханасының ашылуымен қатар өтті. Бұл зертхана ішек ісігінен 2022 жылы 40 жасында көз жұмған журналист әрі белсенді Дебора Джеймстің құрметіне ашылған.

Оның анасы Хизер былай деді:

«Дебора әрдайым зерттеулерге терең бойлайтын. Ол осы жобаның нақты нәтиже беріп жатқанына қатты қуанар еді».

ІШЕК ІСІГІ – ЕҢ ҚАУІПТІ АУРУЛАРДЫҢ БІРІ

Ұлыбританияда ішек ісігі өлім-жітім бойынша екінші орында тұр. Жыл сайын 44 мың адамнан осы дерт анықталып, олардың 17 мыңы өмірден озады.

NHS дерегінше, егер ісік ерте анықталса, науқастардың 90%-ы толық айығады. Алайда кеш анықталса, тірі қалу мүмкіндігі тек 10%.

ДӘРІГЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ?

NHS бас дәрігері Стивен Поуис бұл тестті инвазивті (ауруға қолмен немесе хирургиялық араласуды талап ететін) әдістерді азайтып, дертті ерте тоқтатуға мүмкіндік беретін "үлкен үміт" деп атады.