Депутат: Дәрігерлердің жалақы айырмашылығы аймаққа байланысты деген - бос әңгіме

Сымбат Сатыбалдина
Ашық дереккөзден

Депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов дәрігерлердің жалақы айырмашылығы аймақтарға байланысты деген пікірмен келіспеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

Депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов мұнайшыларды мысалға келтірді. 

- Мұнайшы мамандардың жалақысы жоғары. Бірақ отандық мұнай мамандары бізде жұмыс істейтін шетелдік мұнай мамандарынан әлдеқайда аз жалақы алады. Сондықтан жақсы мамандар шетелге кетіп, шетелде жұмыс істеуге асығады. Мұндай жағдайда отандық мамандардың жалақысын кеміту мүмкін емес. Басқа салада да мүмкін емес. Осыларды ескеріп орташа жалақыны жақындату мүмкін емес деп ойлаймын. Сіз қалай ойлайсыз?, деп сұрады мәжілісмен. 

МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ

Министр Ақмарал Әлназарова заң аясында бұл ұсыныстар қаралған болатынын айтады.

- 16 облыстың жалақысы төмен, ал 4 облыстың жалақысы жоғары болуына байланысты әкімшіліктер тарапынан да тиісті ұсыныстар болған. Негізі сіз айтқан норма заң аясында қаралуы үстінде. Негізі үкіметке жолданған. Бүгінгі таңда барлық әкімдіктен тиісті ұсынысты жинақтауымыз керек. екінші оқылымға дейін ұсыныстарды жинап, бір ұстанымды енгіземіз, дейді министр. 

Депутат Ізмұхамбетов жалақы айырмашылығы аймаққа байланысты дегенмен келіспейтінін жеткізді. 

- Жалақы айырмашылығын аймақтарға байланысты жақындату керек деген бос әңгімені тоқтататын уақыт болды. Ешқандай мағынасы жоқ, нәтиже бермейтін әңгіме. Мұнайшылардың жалақысы мынандай, ал СҚО-да басқа деген – бос әңгіме. Осыны ескеруді сұраймын.