АҚШ Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан 100-ден астам заңсыз мигрантты депортациялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігі ресми Ташкентпен бірлескен операцияның егжей-тегжейін жария етті. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Өзбекстан өз азаматтарының депортациясын толықтай өзі қаржыландырған.
Қазақстандықтардың елден кімнің есебінен шыққаны нақты айтылмады. Алайда министр Кристи Ноэмнің сөзіне сүйенсек, үш елдің мигранттары бір ұшақпен қайтарылған, ал ол рейс Өзбекстан тарапынан төленген.
Біз 131 заңсыз мигрантты отанына қайтаратын рейстің ұйымдастырылуына көмектескені үшін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке ризашылығымызды білдіреміз. Біз Өзбекстанмен өзара қауіпсіздікті күшейту және заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытындағы ынтымақтастығымызды жалғастыруды асыға күтеміз, – деді министр Кристи Ноэм.
Бұған дейін Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі жергілікті қазақстандықтарға үндеу жолдаған болатын. Онда АҚШ билігі депортация жөнінде сот шешімі шыққан шетел азаматтарына арнайы CBP Home мобильді қосымшасын қолданып, өз еркімен елге оралуды ұсынатыны ескертілген.
АҚШ аумағында заңсыз жүрген азаматтар егер өз еркімен елден шықпаса, оларды дереу депортациялау, ірі көлемдегі айыппұлдар, түрлі шектеулер мен елге қайта кіруге көпжылдық тыйым күтіп тұратыны ескертілген.