Қытайдың тағы бір алпауыт компаниясы Қазақстан нарығына кірді

Сырым Қаржас
dzen

«ҚазМұнайГаз» бен CNOOC компаниясы «Жылыой» жобасын іске асыру шарттары бойынша келісімге келді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Астанада тараптар бірлескен қызмет пен қаржыландыру туралы келісімдерге қол қойды.

Әріптестік аясында «Жылыой» жобасын 50/50 паритеттік негізде бірлесіп іске асыру көзделіп отыр. Бұл ретте барлау кезеңін қаржыландыруды CNOOC өз мойнына алады, – деп мәлімдеді ҚМГ баспасөз қызметі.

China National Offshore Oil Corporation (CNOOC – Қытайдың ұлттық теңіз мұнай корпорациясы) – CNPC мен Sinopec-тен кейінгі Қытайдың үшінші ірі ұлттық мұнай компаниясы. Негізгі қызметі – Қытайдың шельфтік аймағында мұнай мен табиғи газ өндіру, өңдеу және өткізу. Мемлекеттік компания саналады, қызметін негізінен Гонконгтағы еншілес құрылымы – CNOOC Limited арқылы жүзеге асырады. Оның акциялары Гонконг пен Нью-Йорк биржаларында саудаланады.

Айта кетейік, Қазақстанда 1997 жылдан бері тағы бір қытайлық мұнай алпауыт – CNPC жұмыс істеп келеді.