Жамбыл облысындағы қызғалдақ фестивалі кезінде халық аптап ыстықта жаяу жетуге мәжбүр болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Бұл туралы жергілікті медиалар жаза бастады. Ондағы мәлімет бойынша, бірде-бір мемлекеттік қызметкер бұл проблеманы шешуге тырыспаған.
- Рациялары жұмыс істемейді, патруль құры тұрды. Жолдағы балалардың жартысын алып кетуді сұрағанымызда полицейлер қатысы жоқ екенін айтып, бізді айналып өтті, дейді жергілікті тұрғындар.
ШЕНЕУНІКТЕР НЕ ДЕЙДІ
Бұл жайтқа қатысты Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқарма басшысы Аспандияр Сейсебаев пікір білдірді. Оның сөзінше, «Қызғалдақ мұра» сайтында 3232 адам тіркелген болса, 2000 адам тіркелмей барған. Жалпы адам саны 5000-нан асқан.
Жеке көлікпен келгендер саны 4000 адамға жуықтаған. 700-ден астам жеке көлік, оның ішінде жеке спринтерлер болды.
ХАЛЫҚТЫ КӨЛІКПЕН ТАСУҒА НЕ КЕДЕРГІ БОЛҒАН
Сейсебаевтың сөзінше, халықты тасымалдаудағы басты кедергі – жолдың бір жолақты болуы және тасымалдаушы көліктердің бір-біріне кедергі келтіруі болыпты.
- Жалпы, Тараз қаласынан арнайы дайындалған 20 автобуспен 918 адам келді. Ол азаматтарға 40 Нива автокөлігі, 10 ПАЗ автобустары дайындалған. Келеңсіз оқиғаға іс-шара аумағына жеке көліктерімен барамыз деген азаматтардың өз көліктерін төмен жақта жол бойына қалдырып, Тараздан келген қонақтарға арналған дайын көліктерге мініп, қосымша тасымалдауға адамдар санын көбейту арқылы кедергі келтіргендері себеп болды, дейді Сейсебаев.
Оның сөзінше, халық фестивальдан ерте қайта бастады. Ал 14:00-ден бастап 15:00 аралығында адам легі көбейе түсті.
- Мен өзім барлық азаматтарды 17:20-де отырғызып жібердім. Барлығы жауапкершілікпен өтті. Зардап шеккендер болған жоқ. Әрине, бұл бағыттағы ауқымды шара өңірде алғаш рет ұйымдастырылғандықтан, кейбір келеңсіздіктер орын алды. Ол алдағы уақытта сабақ әрі үлкен тәжірибе болары сөзсіз, дейді шенеунік.