«Бізден кредит алыңыз»: микроқаржы ұйымдарының жұртқа SMS-хабар жолдауы тоқтай ма

Аян Өрібай
Ұлысмедиа коллажы

Қазақстанда әртүрлі микроқаржы ұйымдарынан "бізден қарыз алыңыздар" деген СМС-хабарлама көп келеді. Бұған шектеу бола ма? Осы сұрақты Сенат кулуарында Ulysmedia.kz тілшісі қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовқа қойды.

ҚИЗАТОВ НЕ ДЕЙДІ

Агенттік төрағасының орынбасары жарнама жолдау – әр микроқаржы ұйымының өз құқығы екенін айтады.

Олардың ұсынысы. “Сіздер біздің микроқаржы ұйымнан осындай несие ала аласыз” дейді. Кредит алу немесе алмау әр азаматтың өз еркінде. Алғысы келсе алады, – дейді ол.

Қизатов “жарнама ретінде олар жібереді, біз оларды қалай шектейміз” деп жауап берді.

Кредит алуға оларды мәжбүрлемейді ғой. Жай ұсынысын жолдайды. Шарттарына келіссе алады, келіспесе алмайды. Жарнама берерде шектеуге біздің құқығымыз жоқ, – дейді ол.

НЕСИЕ АЛМАС БҰРЫН НЕНІ ЕСКЕРГЕН ЖӨН

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микрокредит алмас бұрын бірнеше маңызды жайтты ескеру керектігін бұған дейін хабарлаған еді. 

Біріншіден, МҚҰ лицензиясын тексеру қажет. Қазақстанда микрокредиттерді тек ресми тіркелген микроқаржы ұйымдары бере алады. Компания атауында «микроқаржы ұйымы» деген тіркес болуы керек, сондай-ақ оның лицензиясын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтынан тексеріңіз.

Екіншіден, шарттарды мұқият оқу қажет:

  • сыйақы мөлшерлемесі – қысқа мерзімді микрокредиттер бойынша (50 АЕК-ке дейін, 45 күнге дейін) сыйақы мөлшерлемесі 30 АЕК-ке дейінгі қарыз үшін 20%-дан, 30-50 АЕК аралығындағы қарыз үшін 15%-дан аспауы тиіс.
  • жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – басқа микрокредиттер үшін 56%-дан жоғары болмауы керек;
  • жалпы артық төлем мөлшері – қарыз сомасының 50%-нан аспауы тиіс.

Үшіншіден, уақытында төлем жасамау айыппұлдары туралы ұмытпаңыз. Әр кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі, бірақ ол қарыз сомасының 0,5%-нан аспауы керек.

МАҢЫЗДЫ!

МҚҰ кейде келісімшартқа ақылы қызметтерді (мысалы, сақтандыру немесе кеңес беру) енгізеді. Қосымша шығындарға ұшырамау үшін анкетаны және келісімшартты мұқият тексеріңіз. Төртіншіден, қарызды өтеу тәсілдеріне назар аударыңыз. Кейбір микрокредиттер (50 АЕК-ке дейін) барлық соманы бірден қайтаруды талап етеді. Шарттарын нақтылап, өзіңізге ыңғайлы төлеу әдісін таңдаңыз. Егер сізде микроқаржы ұйымымен микрокредит бойынша дау туындаса, сіз микроқаржы омбудсманына жүгіне аласыз. Микроқаржы омбудсманы – бұл қарыз алушылар мен МҚҰ-ға өзара тиімді шешім табуға көмектесетін, дауларды ақысыз қарайтын тәуелсіз тұлға.