Іс-шара Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында Астанадағы Француз Альянсының 20 жылдығына орай өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Францияның Қазақстандағы Елшілігінің шақыруымен Алматыдағы JOLDA заманауи би театры мен Францияның атақты электронды музыка тобы JUDAH WARSKY бірігіп, «Oina-Jouer» атты бірлескен перформансын Астана тұрғындарына ұсынды.
Қойылымның мақсаты - қатып қалған ережелерге емес, ішкі еркіндікке негізделген қарым-қатынасқа шақыру.
Мерекелік кешті IP Theater инструменталды театры мен Қазақ ұлттық хореография академиясының орындауындағы эксперименталды қойылым ашты. Оның идеясы Лувр қорындағы әйгілі француз суретшісі Теодор Жериконың аттас картинасынан алынған.
Елорда көрермендері мен қонақтарының алдында Әлімжан Қайрат, Санжар Құмарғалиев, Гүльсая Тәуiрханова, Иван Можайкин, Жанна Төленді, Мария Губанова,Томирис Меттыбаева, сондай-ақ Judah Warsky & Blanche JOLDA өнер көрсетті.
Отандық JOLDA және IP Theater 2025 жылдың шілде айында Францияда өтетін Еуропаның ең ірі театр фестивальдерінің бірі — Avignon Festival Off шарасына қатысу үшін арнайы іріктелген.
Жоба Франция Елшілігінің бастамасымен жүзеге асырылды.