Ресей визасыз режиммен саяхаттайтын шетелдіктерге, соның ішінде қазақстандықтарға да қатысты жаңа кіру ережелерін енгізіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
2025 жылдың 30 маусымынан бастап көрші елге бару үшін кемінде 72 сағат бұрын RuID платформасы арқылы электронды өтінім беру және бірегей QR-код алу қажет, деп жазады 24.kz. Шекарадан өткенде биометриялық сәйкестендіру де жүргізіледі: саусақ іздерін тапсырып, суретке түсу керек. Бұл мәліметтер шетел азаматының цифрлық профиліне енгізіледі. Тек дипломаттар мен халықаралық ұйымдар қызметкерлері, сондай-ақ 6 жасқа дейінгі балалар бұл талаптардан босатылады.
Жаңа ережелер барлық шекара бекеттерінде қолданылады. Қазақстан азаматы Ресейге төлқұжатпен не жеке куәлікпен кірсе де, QR-код алуға міндетті. Қазіргі таңда RuID қосымшасы әзірлену үстінде.
– Бұл жүйеге кірген соң, азамат тіркелуі керек, жеке кабинетін ашып, өз суреті мен деректерін енгізеді. Сондай-ақ кіру, болу және шығу күндерін көрсетеді. Осы ақпаратты толтырғаннан кейін рұқсат берілсе, азамат жеке нөмірі мен QR-кодын алады. Осы QR-кодпен Ресей Федерациясына кіре алады. Егер кіру шұғыл жағдайда – емделу, ауыр дерт не жақын туысының қайтыс болуына байланысты болса, онда өтінімді кемінде 4 сағат бұрын беруге рұқсат етіледі, – деді Қазақстанның Ресейдегі елшілігі кеңесші-консулы Газиз Ағибаев.
ЕСКЕРТУ
Ресейге сапар жоспарлап отырған қазақстандықтарға жаңа ережелер күшіне енгенге дейін кіру шектеулерін алдын ала тексеруге, құжаттарды дайындауға және қосымша рәсімдерге дайын болу керек. Сонымен қатар, цифрлық профильдің дұрыс әрі уақытылы толтырылғанына көз жеткізу маңызды.