Шерзат соты: күдіктілердің түрін елге ашық көрсеткен операторлар жазаланды

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia коллажы

Талдықорғандағы Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Шерзат Полаттың ісінде сотталушылардың бейнесін түсірген операторларды жауапқа тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТЕХНИКАЛЫҚ ТОПТЫ ЖАУАПҚА ТАРТУ

22 мамырдағы сот отырысында істі қарап жатқан судья Ержан Жанұзақов сотталушыларың қарсылығына қарамастан, әлеуметтік желіде тарап кеткен олардың видеоларына қатысты қызметтік тексеріс нәтижесін жариялады. Ол бойынша, сотты тікелей эфирде көрсетіп тұрған техникалық топ қызметтік жауапкершілікке тартылған.

 Қызметтік тексеріс барысында сот процесінің онлайн трансляциясын уақытылы тоқтатпағаны анықталды. Соның нәтижесінде күдіктілердің видеосы эфирге шыққаны анықталды. Нәтижесінде техникалық қызметкерлер Рүстем Муксинов, Нәзира Оразәлиева және Сәуле Қайдағұлова тәртіптік жазаға тартылды, – деді судья түскі үзілістен кейінгі сот отырысында.

«САҒАН КӨП СҰРАҚ ҚОЙМАЙДЫ, СӨЙЛЕСІП ҚОЙҒАНМЫН»

Осыдан кейін, 21 мамырда әлеуметтік желіде тараған аудио жазбаға байланысты сот кеңесу бөлмесіне кетті. Кешегі сот отырысынан соң желіде екі адамның диалогы тараған. Онда сөйлескен екі адамның бірі «Көзімнен жас шығып кете жаздады, дұрыс сөйледім бе?» деп сұрайды. Екіншісі «Саған көп сұрақ қоймайды, уайымдама, сөйлесіп қойғанмын» дейді.

Сөйлескен екі адамның нақты кім екені белгісіз. Бірақ желіде күдіктілер ішіндегі екі адам екені айтылған.

Судья сотқа байланысты тараған аудионы Алматы облысы прокуратурасының назарына алуға жеке қаулы етті. Ержан Жанұзақов іске қатысты кез келген шешімді сот шешетінін ескертті.

Сот жеке қаулы шығаруды қажет деп тапты. Прокурорға жазбаның шынайлығын, диалогқа қатысқан тұлғаларды, әңгіменің мазмұнын анықтап, тиісті шара қабылдау тапсырылды. Айта кетейін, Конституцияға сәйкес, істі шешетін – тек сот. Кез келген арандатушылық пен шуға жол берілмейді, – деді судья. 

ТАҒЫЛҒАН АЙЫП

Іс бойынша 9 адам күдікті деп танылған. Оларға «Адам өлтіу», «Қылмысқа дайындалу және оқталу», «Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау», «Бұзақылық» және «Ұрлық» бабы бойынша айып тағылған. Сот күдіктілерді кінәлі деп таныса, олар 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

Күдікті ретінде Абзал ШынасылРавиль Сәкиев, Азамат Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) ұсталған.