Құлсарыдағы жарылыс: не болды, кімдер зардап шекті

Сырым Қаржас
Видеодан алынған кадр

Атырау облысы Құлсары қаласындағы газ құю бекетінде жарылыс болып, өрт шықты — 14 адам зардап шекті, екеуі қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Кеше, 30 мамырда Құлсарыдағы Махамбет Өтемісұлы даңғылы бойында газ-ауа қоспасы жарылып, артынша алапат өрт шықты. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт үш бірқабатты ғимаратты, газ құю станциясын және оған жақын орналасқан екі қабатты құрылысты шарпыған.

ЕКІ АДАМ ҚАЗА ТАУЫП, 14 АДАМ ЗАРДАП ШЕКТІ

Жарылыстан 14 адам зардап шеккен, олардың екеуі алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Қалғандары дәрігерлердің бақылауында. Жақын маңдағы ғимараттардан адамдар эвакуацияланды. 

Зардап шеккен 14 адамның төртеуі — бала. Дәрігерлер олардың жағдайына қатысты мәлімет берді.

Оқиғадан кейін зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Тексеру нәтижесінде 10 адам ауруханаға жатқызылды, ал төртеуіне амбулаториялық бақылау тағайындалды. Дәрігерлердің айтуынша, жеті науқастың жағдайы — орташа, үшеуінің жағдайы — тұрақты, өміріне қауіп төндіретін асқынулар тіркелмеген. Реанимациялық шаралар ешбір науқасқа қажет болмаған.

Қосымша көмек көрсету үшін Жылыой аудандық орталық ауруханасына Атыраудан, соның ішінде күйік орталығының мамандары жіберілген. Қазір олар зардап шеккендерге кәсіби көмек көрсетіп жатыр.

Оқиға салдарынан алты автокөлік өртенді, ғимараттарға зақым келді. Жарылыс аумағы шамамен 400 шаршы метрден асады.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Полиция бұл оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы аудандық полиция бөлімшесі хабарлады.

Ресми ақпаратқа сәйкес, оқиға орнына құқық қорғау органдарының қызметкерлері дереу жетіп, аумақты қоршап, төтенше қызметтермен өзара іс-қимыл ұйымдастырған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп, апаттың себептері анықталып жатыр.