Өнертанушы, дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында қазіргі билік жүйесін сынады. Оның айтуынша, белгілі өнерпаздарға қысым күшейіп, еркін пікір білдіру мүмкін болмай барады.
“ҚАРА ТІЗІМ” ТУРАЛЫ
Төлеутайдың сөзінше, кейінгі жылдары министрлікке жолы түспей қалған.
— Балаева мені қара тізімге енгізіп қойыпты, қабылдамайды. Бұрын министрлікке жиі барып жүрдік қой, Құлмұхамед, Райымқұлова заманында. Министрлікте сол кезде бір күн болып қаласың. Маған қазір телевидение, радио бәрі жабылды. Министрлік жақта мен дегенде “бұл кісі қара тізімде” деген екен.
Алайда өнертанушы мұндайға мойымайтынын, мұның бәрі өткінші құбылыс екенін айтып, тарихи әділдік түбі бір орнайтынына сенімді екенін жеткізді.
Ол министрлер мен билік өкілдерінің шынайы өнерге қарсы әрекет етіп отырғанын, өнерпаздармен күресіп жатқандарын қателік деп есептейді.
— Бұлардың ақымақтығы – бұлар өнермен, өнерпазбен күреседі. Есі дұрыс билік ешқашан өнерпазбен күреспейді. Өнер ол өміршең. Ертең олар мені өлтірген күннің өзінде менің өнерім қалады, кітаптарым, ойларым, әндерім қалады. Олар мені өлтірмейді. Ал бұларды кім іздейді? Осындай жауыз министр болған, “Қазақфильмнің жерін сатқан”, “Қазақ анимациясының түбіне жеткен” деген сияқты жаман атпен қалады.
Ақымақтықтың шегі болады. Керісінше, осылардың қолында өнерпаздарды түлету, жасампаз іске жұмылдыру тұр. Жоқ! Бұлар ұлттық масштабта ойлана алатын өнерпаздардың бәрін қысып жатыр. Бұл – қазіргі биліктің саясаты. Мен мұны кімдер істеп жатқанын сеземін, — дейді Төлеутай.
“БИЛІКТЕГІ ЖАНСЫЗДАР” ЖАЙЛЫ
Дәстүрлі әнші сонымен бірге Қазақстан билігінде ресейлік ықпалдың басым екенін, тіпті идеологиялық мекемелер мен күштік құрылымдардың өзі сыртқы ықпалға жұмыс істеп отырғанын да меңзеді.
— Мен оның атын айта алмаймын, өздері қыпылықтап отырған шығар фамилиямызды айтып қояды деп. Мен бірақ оларды білемін. Бұрын Майлыбаев деген болды ғой. Оны мемлекетке қарсы опасыздық жасағаны үшін ұстады. Ол дәлелденді ғой. Назарбаевтың ақпаратын Ресейге тасыған. Ал солар Майлыбаевпен бітіп қалды деп ойлайсыз ба? Соның орнына келгендер, одан кейінгі төменгі шенділер бар. Бәрі қазір Ресей не айтса – соны істейді. Біздің күштік құрылымдар, идеологиялық мекемелер барлығы Ресейдің ықпалында, — деді өнертанушы.
Өнертанушы, дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутайдың Ulysmedia.kz порталының бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатын мына жерден оқи аласыз.