Магистратура – 2025: кешенді тестілеуге құжаттарды қалай тапсыруға болады

Сырым Қаржас
Pixabay.com

2025 жылғы 1 маусымнан бастап Қазақстанда магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге өтініштерді қабылдау басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАЛАЙ ТІРКЕЛУГЕ БОЛАДЫ?

Тіркеу онлайн түрде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жүргізіледі — app.testcenter.kz — және 8 шілдеге дейін жалғасады.

Тесттің өзі 20 шілде мен 10 тамыз аралығында өтеді.

Талапкерлер тест тапсыратын қаланы өздері таңдайды.

Тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін (8 шілдеге дейін) өтінішке өзгеріс енгізуге болады:

  • тестілеу тілі
  • білім беру бағдарламасының тобы
  •  дайындық бағыты
  • тапсыру қаласы

8 шілдеден кейін өзгерістер енгізуге болмайды. Тесттің өтетін орны, күні мен уақыты туралы мәліметтер талапкердің жеке кабинетінде 14 шілдеде қолжетімді болады.

ТЕСТІЛЕУ ТІЛІ МЕН ШЕКТІ БАЛЛ

Ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистратура үшін тест үш бөлімнен тұрады:

  • Шетел тілі тесті (шекті балл — 25)
  • Оқуға дайындық деңгейін анықтау тесті (кемінде 7 балл)
  • Екі бейіндік пән бойынша тест (әрқайсысынан — кемінде 7 балл)

Жалпы тестілеу уақыты — 3 сағат 55 минут. Жалпы өту шегі — 75 балл.

Профильдік (бейіндік) магистратураға түсетіндер үшін:

  • Тек бейіндік пәндер бойынша тест тапсырылады
  • Жалпы өту балы — 30
  • Әр пән бойынша кемінде 7 балл жинау қажет

КІМДЕР ТЕСТ ТАПСЫРМАЙ-АҚ ТҮСЕ АЛАДЫ?

Төмендегі санаттағы үміткерлер кешенді тестілеуден босатылады және тек ақылы бөлімге түсе алады:

  • Мемлекеттік қызметтегі басқарушылық тәжірибесі кемінде 5 жыл болғандар (мемлекеттік лауазымдар тізіліміне сәйкес)
  • Білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес кәсіби еңбек өтілі кемінде 10 жыл болғандар

Бұл жағдайда қабылдау комиссиясы әңгімелесу арқылы шешім қабылдайды.