Үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырған, 30 жастағы Шолпан Бегайдарова Алматыда тәртіпсіздік кезінде ауыр жарақат алды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Оқиға 6 қаңтарда тіркелген. Шолпанның айтуынша, өзі Гоголь-Фурманов көшесінің қиылысындағы дәріханаға шыққан. Балалары үшін дәрі сатып алуды ойлаған. Алайда белгісіз біреулер оның көлігін оқ жаудыртқан. Әйелге 3 оқ тиген.
«Балаларыма дәрі-дәрмек алайын деп шығып едім. Фурмановпен құлдилап келе жатқанда маған біреулер оқ жаудыртты», - дейді ол.
Бүгінге дейін Шолпанға бірнеше рет ота жасалыпты. Бір оқ тіпті денесінен өтіп кеткен. Өзі қалалық ауруханада жатыр. Жақында ғана есін жиыпты.
«Үш балам бар. Жалғызбасты адаммын. БСМП-да жатырмын. Жақында ғана есімді жидым. Бір оқ тіпті денемді тесіп өтіп кетті», - дейді Шолпан.
Шолпанға көмектесем дегендер мына рекизит арқылы ақша аудара алады:
Естеріңізге сала кетейік, Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде белсенді Нұрәлия Айтқұлова мен азық-түлік дүкенінің иесі Алмас Ғарифуллиннің қазасы туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Алматы полиция департаменті қаладағы тәртіпсіздіктер кезінде 22 адамның із-түссіз жоғалып кеткенін, оның 15-і ғана табылғанын хабарласа, волонтерлік ұйымдар қалада із-түзсіз жоғалғандарды іздеуге өтініштер саны бір жылдың көрсеткішінен асып кеткенін айтады.
Билік Алматыдағы қаңтар оқиға кезінде қаза тапқандар мен зардап шеккен бейбіт тұрғындар туралы ақпаратты әлі жарияламады.