Ресей аэродромдарына шабуыл жасаған күдіктінің бірі Қазақстанда бой тасалаған — БАҚ

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Артём Тимофеевтің есімі Ресейдегі әуе базаларына жасалған дрон шабуылдарының ұйымдастырушысы ретінде аталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ресейдің әскери аэродромдарына дрон арқылы жасалған шабуылды ұйымдастырды деген күдікке ілінген азамат Қазақстанға бой тасалаған. Бұл туралы SVTV News хабарлайды.

Mash мәліметінше, Ресей құқық қорғау органдары іздеу жариялаған Артём Тимофеев шабуылдан төрт күн бұрын жұбайымен бірге Қазақстанға кеткен. Екатерина Тимофеева олардың Астанаға жол тартқанын мәлімдеген.

Ақпарат көздерінің дерегінше, дәл осы Тимофеевке дрон-бомбалаушылар ұшырылған жүк көліктері тиесілі болған.

Baza басылымының жазуынша, әскери нысандарға шабуыл жасалған күні Тимофеев жұбайымен бірге некелескендеріне тоғыз жыл толуын атап өткен. Жорамал бойынша, бұл мерекені олар Ресейден тыс жерде өткізген.

Артём мен Екатерина Тимофеевтер — екеуі де Украина тумасы.

1 маусым күні украин дрондары Ресей аумағындағы бірқатар стратегиялық авиабазаларға, соның ішінде Сібірдегі нысандарға да шабуыл жасады.

Украина қауіпсіздік қызметі (СБУ) «Өрмек» операциясы барысында Ресейдің бірнеше өңіріндегі аэродромдарға соққы беріліп, стратегиялық авиация ұшақтарының 34%-ы зақымдалғанын мәлімдеді. Киевтің есебінше, бүлінген әуе техникасының жалпы құны шамамен 7 миллиард долларды құрайды.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАУАБЫ

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Украина жүргізген «Өрмек» операциясына елдің қатысы бар деген болжамдарды жала және негізсіз ақпарат деп атады.

Әлеуметтік желілер мен кейбір медиаларда дрондарды жинауға қажетті бөлшектердің Қазақстаннан жеткізілгені туралы ақпарат тараған. Бұл жағдайға қатысты запастағы полковник, әскери сарапшы Дархан Данияров түсініктеме беріп, мұндай болжамдардың ешбір нақты дерекке негізделмегенін атап өтті.