Қытайдан қашып келген этникалық қазақ Ержанат Абай, алдын ала мәлімет бойынша, Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның (ҚКХАҚБ) мәліметінше, 23 жастағы Ержанат Абай Қытай мен Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтіп, 27 наурызда Алматыға келген. Ол төрт күннен кейін ҚХР-ден келген этникалық қазақтарға көмек көрсететін «Атажұрт» ұйымының белсенділерінен жәрдем сұраған.
- Алайда ҚР Бас прокуратурасы Адам құқықтары бюросының ресми сауалына берген жауабында Ержанат Абайдың шекарадан өткен соң келесі күні сот алдына жеткізіліп, 28 наурызда сот оған “Қазақстан Республикасынан 10 күн ішінде өз еркімен шығу” туралы шешім шығарғанын мәлімдеген. Сол құжатта оның елден 12 мамырда кеткені де жазылған, – делінген ҚКХАҚБ хабарламасында.
Бюро өкілдері оның не себепті Қазақстаннан кетуге мәжбүр болғаны жөнінде нақты ақпарат жоқ екенін айтады. Сондай-ақ оған босқын мәртебесін сұрауға мүмкіндік берілген-берілмегені де белгісіз.
КОНТЕКСТ
ҚКХАҚБ 2017 жылдан бастап Қытай билігі екі миллионға жуық мұсылман этностарын – ұйғырлар, қазақтар және қырғыздарды – еңбек лагерьлерінде немесе “қайта тәрбиелеу орталықтарында” ұстап отырғанын еске салды. Қудалаудан қашқан бірнеше этникалық қазақ Қазақстанға келген. Олардың бірі – Сайрагүл Сауытбай – кейін Швецияға шығуға мүмкіндік алған. Қалғандары Қазақстанда босқын мәртебесімен өмір сүріп жатыр.