1 маусым күні Ресей әскери аэродромдарына дрондармен жасалған жаппай шабуылға қатысы бар деп күдікке ілінген 37 жастағы Артем Тимофеев іздеуге жарияланды. Бірқатар дереккөздер оның жұбайымен бірге Астанада жасырынып жүргенін хабарлайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
БАҚ-тың мәліметінше, Тимофеев украин дрондарын жинауға арналған қоймаларды жалдап, дрондарды Мурманск пен Иркутск облыстарына жеткізген болуы мүмкін жүк көліктерін иеленген. Ол шабуылдан бірнеше күн бұрын қашып кеткен. Кейінірек жұбайының әлеуметтік желідегі жазбаларынан олардың Астанаға кеткені белгілі болған. Ресей құқық қорғау органдары Қазақстан тарапымен байланыс орнатты ма – ол жағы нақтыланбаған.
ОЛ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ
ura.ru сайтының мәліметінше, Артем Тимофеев 1987 жылғы 8 желтоқсанда Донецк қаласында туған. Алайда кейбір Telegram-арналар оның туған жері Житомир екенін жазған. Бұған дейін ол Киевте тұрған, ал соғыс басталған соң Челябі облысындағы Миасс қаласына туыстарының жанына көшіп барған. Сол жақтағы туыстары оған және жұбайына Ресей азаматтығын алуға көмектескен.
2024 жылдың қазанында Тимофеев Челябідегі жүк тасымалымен айналысатын жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Оның компаниясы көлік қызметтерін ұсынып, төрт жүк көлігіне иелік еткен.
Ресейге көшкенге дейін Тимофеев Dastishfantastish музыкалық тобында диджей болған, украин өнерпаздарымен тығыз байланыста жүрген. Жергілікті киім брендінің ортақ иесі ретінде танылып, Еуромайдан оқиғаларына белсене қатысқан. Сондай-ақ ол 2014 жылы Украинадағы төңкерісті қолдайтын жазба жариялаған.
ШАБУЫЛ
Еске салайық, Артём Тимофеевтің есімі Ресейдегі әуе базаларына жасалған дрон шабуылдарының ұйымдастырушысы ретінде аталады.
Ресейдің әскери аэродромдарына дрон арқылы жасалған шабуылды ұйымдастырды деген күдікке ілінген азамат Қазақстанға бой тасалаған. Бұл туралы SVTV News хабарлайды.