Аэродромға шабуыл: Ресей арнайы қызметтері ұйымдастырушыны Қазақстаннан іздеп жүр

Сырым Қаржас
Ұлысмедиа коллажы

Кремль әскери аэродромдарға БПЛА шабуылын ұйымдастырды деген күдіктінің ізіне түсу үшін Қазақстанға өтініш жасауы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ресей арнайы қызметтері әскери аэродромға жасалған шабуылдың барлық мән-жайын тергеп жатыр. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков шабуылды ұйымдастырушыларының бірі деп күдікке ілінген Артем Тимофеевтің Қазақстанға кеткені туралы ақпарат тараған соң айтты.

Бұл арнайы қызметтердің құзыретінде тұрған мәселе. Әрине, бұл қылмысты толықтай ашу үшін қажетті барлық шаралар қабылданады, – деді ол.

Осы сөзді РБК басылымы келтіреді.

ТИМОФЕЕВ ЖАЙЛЫ

Медиаға тараған мәліметтерге сәйкес, Тимофеев украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттарын (БПЛА) жинау үшін қоймаларды жалға алған, сондай-ақ оның дрондарды Мурманск пен Иркутск облысына тасымалдауға арналған жүк көліктері болған. Ол шабуылдан бірнеше күн бұрын елден қашып шығып, әйелімен бірге Астанаға барған деген мәлімет бар.

Ресейдің құқық қорғау органдары Қазақстан тарапымен байланыс жасағаны туралы ақпарат әлі жарияланған жоқ.

АЭРОДРОМҒА ШАБУЫЛ

Биыл 1 маусымда украиналық дрондар Ресейдің бірнеше стратегиялық әуе базасына, оның ішінде Сібірдегі нысандарға бағытталған ауқымды шабуылды жасады.

Украина ұлттық қауіпсіздік қызметі (СБУ) бұл операция кезінде Ресейдің стратегиялық авиациясына тиесілі ұшақтардың 34%-ы зақымданғанын хабарлады. Киевтің есебі бойынша, зақымданған ұшақтардың жалпы құны шамамен 7 миллиард АҚШ долларын құрайды.