Ресей компаниясы уәдені бергенімен неге ЖЭО-ны уақытында сала алмай жатыр

Сырым Қаржас
Ұлысмедиа коллажы

Маманның айтуынша, Қазақстан мен Ресей электр энергиясының тарифтері жөнінде келісімге келе алмай отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

2024 жылы Қазақстан мен Ресей үкіметтері үш бірдей жылу электр орталығын (ЖЭО) салуға уағдаласқан болатын. Атап айтқанда, Көкшетау (қуаты 240 МВт), Семей (360 МВт) және Өскемен (360 МВт) қалаларында жаңа станциялар бой көтеруі тиіс еді. Жобаларды жүзеге асыруға «Интер РАО» компаниясы тартылып, негізгі қаржыландыру көзі ретінде Ресейдің мемлекеттік банктерінен рубльмен жеңілдетілген несие беру қарастырылған.

Алайда бастаманың жолы бөгеліп, жоба іске аспай қалды.

ЖОБА НЕГЕ ТҰРАЛАП ҚАЛДЫ

Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Қаржы университетінің сарапшысы Игорь Юшковтың пайымдауынша, жылу электр орталықтарының құрылысы Қазақстандағы атом электр станциясы (АЭС) жобасымен байланысты емес. Оның айтуынша, негізгі түйткіл – «Интер РАО» жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алмай отырғанында.

Сарапшы бұл қиындықтарды Ресей экономикасындағы жалпы жағдаймен байланыстырады: бюджет тапшылығы күшейіп, несиелендіру мөлшерлемесі шарықтап кеткен. Бұдан бөлек, тараптар арасында энергетикалық жобаның қаржылық шарттары жөнінде түсініспеушілік бар. Яғни, электр энергиясының тарифі қандай болуы керек, инвестиция қалай қайтарылады – осы мәселелер төңірегінде пікірлер алшақ.

«Тараптар экономикалық шарттарда келісе алмай отыр: инвестицияны қайтарудың тетігі қандай болмақ, тиісінше, электр энергиясының тарифі қандай деңгейде белгіленуі керек? “Интер РАО” алдымен станция құрылысын қаржыландырып, кейін инвестициясын қайтарып алуы тиіс, ал бұл үшін тиісті тариф қажет», – деді Игорь Юшков pravda.ru порталына берген сұхбатында.

АЭС ЖОБАСЫ

Юшковтың пікірінше, Қазақстандағы АЭС құрылысы – бұл бөлек тақырып. Дегенмен ол «Росатомның» бұл тендерден шет қалу ықтималдығын жоққа шығармайды. Себебі Қазақстан алдын ала келіссөздерді америкалық, еуропалық және азиялық компаниялармен жүргізіп, тек соңында ғана «Росатоммен» сөйлескен.

Айта кету керек, кейбір қазақстандық сарапшылар Ресей тарапы АЭС құрылысы бойынша тендерде Қытайдың мемлекеттік корпорациясына жол беріп жатқан соң, ЖЭО жобаларын әдейі тоқтатып отыр деген пікір айтады.