Қазақстан бензин импорты бойынша маңызды шешім қабылдады

Сырым Қаржас
Ұлысмедиа коллажы

Қазақстан маусым айында бензин экспортын күрт қысқартады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Павлодар мұнай-химия зауытындағы жөндеу жұмыстарына байланысты Қазақстан бензин экспортын шектеу туралы шешім қабылдады.

Маусым айында автокөлік бензинін экспорттау квотасы тек ресейлік мұнайды өңдейтін «Конденсат» зауытына ғана берілді. Оған шетелге 19,523 мың тонна бензин сатуға рұқсат етілген, оның ішінде 10 мың тоннасы – АИ-95, ал 9,523 мың тоннасы – АИ-92 маркалы жанармай.

Ал мамыр айында АИ-92 бензинінің ішкі нарықта артық болуына байланысты экспорттауға үш кәсіпорын тартылып, жиынтық квота көлемі 58,344 мың тоннаны құраған (АИ-92 және АИ-95).

ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ҰСТАНЫМЫ

Энергетика министрлігі Павлодар мұнай-химия зауытындағы (ПМХЗ) жоспарлы жөндеу кезінде ішкі нарықта жанармай тапшылығын болдырмау үшін алдын ала шаралар қабылдап жатқанын мәлімдеді. OilgazKZ таратқан ақпаратқа сәйкес, ПМХЗ-дағы жөндеу 16 маусым мен 28 шілде аралығында өтпек.

Министрлік маусым айында зауыттардан жалпы жөнелтілетін бензин көлемі мамырмен салыстырғанда 14%-ға қысқаратынын нақтылады.

КОНТЕКСТ

Айта кетейік, 28 мамырда Энергетика министрлігі қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттары ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп отырғанын, сол себепті автобензин экспортын бастағанын хабарлаған болатын. Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарының жиынтық қуаты жылына 18,5 млн тоннаны құрайды.