Путин Қазақстанда жұмыс істейтін судьялардың жалақысын көтерді

Сырым Қаржас
zebra-tv.ru

РФ басшысы Владимир Путин Қазақстанда жұмыс істейтін судьялардың жалақысын көтерді. Әңгіме Қазақстанда орналасқан екі гарнизондық әскери сотта қызмет ететін судьялар туралы болмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Ресейден тыс жерлерде жұмыс істейтін әскери сот судьяларының жалақысын 50%-ға көтеруді көздейтін заңға қол қойды. Құжат судьялардың мәртебесі мен әскери қызметшілерге арналған әлеуметтік кепілдіктер туралы баптарға өзгеріс енгізеді. Алайда бұл өсім еңбек өтіміне байланысты берілетін өтемақылар мен басқа да төлемдерге әсер етпейді.

Бұған дейін Ресей судьялар кеңесі шетелде қызмет ететін судьялардың еңбекақысының тең емес төлену мәселесін көтеріп, осы заң жобасының әзірленуіне түрткі болған. Заң Мемлекеттік думада қабылданып, Федерация кеңесімен мақұлданған.

БҰҒАН ДЕЙІН

Қазіргі уақытта Ресей Федерациясы аумағынан тыс бес әскери сот орналасқан: Армениядағы 5-гарнизондық әскери сот, Қазақстандағы 26 және 40-гарнизондық әскери соттар, Молдовадағы 80-гарнизондық, Тәжікстандағы 109-гарнизондық әскери сот.

Ресей саясаттанушылар қоғамының сараптама орталығының директоры Андрей Серенконың айтуынша, Қазақстандағы ахуал өзге көршілес елдермен салыстырғанда "салыстырмалы түрде тұрақты". Ол Қазақстандағы ресейлік әскери нысандарды "ең тыныш" нысандар деп атап, Ресей мен Қазақстан арасындағы ерекше қатынасты ескере отырып, әскери сот судьяларының жалақысын көтеру бұл елге қатысты арнайы шешім емес, "жалпылай қабылданған өзгеріс" ретінде жүзеге асқанын айтты.