Қазақстандық дипломаттар Каспий құбыр консорциумына (КҚК) жасалған шабуылға қатысты Киевтен ресми жауапты күтіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров брифингте журналистердің сұрағына жауап бере отырып, қажетті барлық дипломатиялық қадамдардың жасалғанын және Астананың Украина тарапынан жауап күтетінін айтты.
– Күтеміз. Егер олар жауап беруге ниет білдірсе, күтеміз. Сіз бұл сұрақты Украина тарапына да жолдай аласыз, – деді Айбек Смадияров.
ШАБУЫЛ
Еске салайық, 17 ақпанда украиналық дрондар Каспий құбыр консорциумының нысанына шабуыл жасады. Кейінірек бұл соққының салдары 1,5–2 ай ішінде жойылатыны белгілі болды, бұл Қазақстаннан экспортталатын мұнай көлемінің шамамен 30%-ға қысқаруына әкелуі мүмкін. Украина КҚК нысандарына соққы жасағанын растады және мұндай операциялар жалғасатынын ескертті.