Бүгін Киевке ең ауыр шабуыл жасалды - Зеленский

Сырым Қаржас
ЕРА

Украина президенті Владимир Зеленский түнгі уақытта Киевке жасалған шабуылды соңғы уақыттағы ең ауқымды шабуылдардың бірі деп атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

10 маусымға қараған түні Ресей әскері Киев пен Одесса қалаларын дрондармен шабуылдады. Украина билігінің дерегінше, барлығы 315 дрон жіберілген.

- Ресейдің соққылары АҚШ пен басқа елдердің Ресейді бейбіт келісімге мәжбүрлеуге талпынысынан әлдеқайда қатты, – деді Украина президенті Владимир Зеленский.

Ол Киевке жасалған түнгі соққыны соңғы кезеңдегі ең ауқымды шабуылдардың бірі деп бағалады.

ОДЕССА

Одессада жасалған шабуыл салдарынан екі адам қаза тауып, 13-тен астам адам жарақат алды. BBC мәліметінше, тұрғын үйлер, перзентхана ғимараты, жедел жәрдем станциясы, жеке медициналық клиника, спорт кешені, хайуанаттар бағы, теміржол вокзалы зақымданған.

КИЕВ

Киевте 4 адам жарақат алды, тұрғын үйлерге, бизнес-орталыққа, қоймалар мен теміржолға зақым келген. Зеленский одақтастарды агрессияға қарсы бірігіп әрекет етуге шақырды.

- Ресейдің бұл және басқа да ұқсас шабуылдарына әлем үнсіз қалмай, нақты әрекет етуі қажет. Ресейді бейбітшілікке мәжбүрлеуге қауқары бар Америка әрекет етуі тиіс. Күшті болудан басқа жолы жоқ Еуропа әрекет етуі тиіс. Дипломатия мен соғысты тоқтатуға шақырған, бірақ Ресей елемеген өзге де елдер әрекет етуі тиіс. Бейбітшілік үшін қатаң қысым қажет, – деді Зеленский.