Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков Батыс Қазақстан облысындағы шегірткенің жаппай қаптауына қатысты пікір білдіруге тырысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қаратөбе ауданына қарасты Ханкөл ауылында шегірткенің қаптағаны байқалды. Жергілікті тұрғындар түсірген видеода жәндіктердің жерді қаптағаны анық көрінеді. Соңғы деректерге сүйенсек, зиянкестер 120 мың гектардан астам аумақты қамтыған.
АШМ НЕ ДЕЙДІ
Мәжіліс кулуарында БАҚ өкілдері вице-министрден жағдайға қатысты пікір білдіруін сұрады. Оның айтуынша, биыл шегірткелер үшін "қолайлы кезең" қалыптасқан.
– Шегіртке бар барлық өңірлерде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл көктем мен жаз ыстық болды. Бұл – шегіртке үшін қолайлы кезең. Сол себепті жұмыстар белгіленген мерзімнен ерте басталды. Қазіргі таңда барлық өңірде жұмыстар жалғасуда. Қауіпті жағдай қалыптасып жатыр деп айтуға болмайды. Бізде көктем сайын шегіртке кезеңі болады, – деді Ербол Қуанышұлы.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қызылорда облысында шегірткеге қарсы күрес нәтижесіз болып жатқаны хабарланған еді.