Ұлытауда «адам азаптаған» үш полицей сотталды

Ulysmedia
Ашық дереккөзден

Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «адам азаптады» деп айыпталған үш полиция қызметкерін соттады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Іnbusiness.kz сайтының жазуынша, іс бойынша күдікті деп танылған Жаңаарқа аудандық полициясының үш қызметкеріне ҚК 146-бабының 3-бөлігі «адам азаптау» бойынша айып тағылған. Сот олардың барлығын кінәлі деп танып, әрқайсысын 5 жыл түрме жазасына кескен. 3 жыл мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге тыйым салған.  Сот үкімі әзірше күшіне енбеген.

Сот мәліметіне қарағанда, былтыр 14 тамызға қараған түні полицейлер ұсталған ер адамды аудандық полиция бөлімінің дәретханасында соққыға жыққан. Жәбірленуші орташа дәрежеде жарақат алған. 

Сотталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындамаған. Соттың хабарлауынша, олардың кінәсін «жәбіренуші мен куәгерлердің жауабы, сот-медициналық сараптама қорытындысы, айыптау тарабы келтірген заттай айғақтар» дәлелдеген. 

Қазақстан азаптауға қарсы халықаралық актіні ратификациялаған. Халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстанның қамау орындарында азаптау тыйылмай отырғанына алаңдап, мұндай қылмысқа кінәлілердің көп жағдайда жазасыз қалатындығын айтады.

Прокуратураның 2025 жыл қаңтарындағы мәліметіне сәйкес, елде азаптау бойынша 126 адам сотталған. Олардың алтауы шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.

Қазақстандық Адам құқығы бюросының дерегінше, 2009 жылдан бері Қазақстаннан БҰҰ-ға азаптау бойынша көп шағым түскен, бірақ Қазақстан билігі БҰҰ шешімдерінің заңды күші жоқ және тек рекомендация сипатында деп есептейді, осылайша жауапкершілікті өзіне алмайды.