Ресей әскери аэродромдарына дрон арқылы жасалған шабуылдарды ұйымдастырды деп күдікке ілінген Артем Тимофеевті Қазақстан билігі ұстап, Ресейге тапсыруы тиіс. Бұл туралы адвокат Дмитрий Аграновский мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Адвокаттың айтуынша, Ресей Артем Тимофеевті экстрадициялауды сұрауға толық құқығы бар. Тимофеевке қатысты қылмыстық іс қозғалған, ол террористер тізіміне енгізілген. Бұл өз кезегінде оны Ресейге қайтару туралы сұрау салуға құқық береді.
– Егер Тимофеев Қазақстан аумағында жүрген болса, бұл елдің билігі оны ұстауы және Ресейге тапсыруы тиіс. Қазақстан өзін одақтас, достас мемлекет ретінде көрсетіп отыр, – деді Аграновский aif.ru порталына берген сұхбатында.
Адвокаттың түсіндіруінше, экстрадиция процесі Ресей тарапынан ресми сұрау жіберуден басталады. Одан кейін күдікті жүрген елдің құзырлы органдары материалдарды қарап, оны тапсыру немесе тапсырудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
ҚАШУ
Бұған дейін Тимофеевтің әйелімен бірге Қазақстанға бет алғаны туралы деректер жарияланған болатын.
АЭРОДРОМҒА ШАБУЫЛ
Биыл 1 маусымда украиналық дрондар Ресейдің бірнеше стратегиялық әуе базасына, оның ішінде Сібірдегі нысандарға бағытталған ауқымды шабуылды жасады.