Минералдар мен IT: АҚШ-тың Қазақстанда қандай мүдделері бар

Сырым Қаржас

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездесу өткізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, соның ішінде инвестиция және сауда мәселелерін талқылады.

Х әлеуметтік желі парақшасында Марко Рубио келіссөз барысында ақпараттық технологиялар мен стратегиялық маңызды пайдалы қазбалар салаларында сауда мен инвестицияны дамыту мүмкіндіктеріне баса назар аударылғанын жазды. Сондай-ақ, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан америкалық компаниялар үшін тең жағдай жасау мәселесі де көтерілген.

Айта кетейік, Марко Рубио АҚШ-тың 72-ші мемлекеттік хатшысы қызметіне президент Дональд Трамп ұлықталғаннан кейін тағайындалған.

ҚАЗАҚСТАН МЕН АҚШ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы қарым-қатынас тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ стратегиялық серіктестік негізінде қалыптасты. 1991 жылы АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындап, содан бері екі ел арасындағы ынтымақтастық түрлі салада қарқын алып келеді. Соның ішінде сауда-экономикалық қатынас – екіжақты байланыстың негізгі діңгегіне айналған.

АҚШ Қазақстан экономикасына инвестиция құйып отырған жетекші елдердің қатарында. Тәуелсіздік алғаннан бері тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 370 миллиард доллардан асса, соның 60 миллиард доллары – америкалық капитал. Әсіресе мұнай-газ, тау-кен, энергетика, ауыл шаруашылығы, ІТ және қаржы салаларында АҚШ компаниялары белсенді жұмыс істеп келеді. Chevron, ExxonMobil сынды алпауыттар Теңіз, Қарашығанақ секілді ірі жобаларда бар.

Соңғы жылдары Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы да артып келеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш шамамен 3 миллиард долларды құрады. Қазақстаннан АҚШ-қа негізінен мұнай өнімдері, уран, металдар мен ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталса, АҚШ-тан Қазақстанға құрал-жабдықтар, көлік, медициналық техника, жоғары технологиялық өнімдер импортталады.