Адамдарды тағы алдаған ба - Балғынбек Имашевтің ұлына қатысты шу шықты

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Айтыскер Балғынбек Имашевтің ұлына қажылық жолдамасы үшін ақша бердік деген тағы 40-қа жуық адам шағымданып отыр. Олар елдің түкпір-түкпірінен келіп, не ұша алмаған, не ақшасын қайтара алмай сенделіп жүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“ҚҰРБАН АЙТҚА ДЕЙІН ҚАЙТАРАМЫЗ ДЕГЕН”

КТК мәліметінше, зардап шеккендердің бірі Берік Маржанов 19 сәуірде қажылыққа аттануы тиіс болғанын айтады. Алайда уәде етілген күннен бері не сапар болмаған, не ақшасы қайтпаған.

– Жұмаға дейін қайтарамыз деді. Соңғы уәделері – Құрбан айтқа дейін. Компания директоры – Имашев Данияр, – дейді ол.

Әрбір адам шамамен 500 мың теңгеден төлеген. Барлық сомасы 20 миллион теңгеге жуық. Оларға Мекке мен Мәдинадағы үш және төрт жұлдызды қонақүйлер уәде етілген екен.

“БАЛҒЫНБЕКТІҢ ЖАРНАМАСЫНА СЕНДІК”

Арызданушылардың айтуынша, олар бұл компанияны әлеуметтік желіден көріп, Балғынбек Имашев жарнамалаған соң сеніп қалған. Алайда қазір не айтыскердің өзі, не ұлы байланысқа шықпай отыр. Журналистер де бірнеше рет қоңырау шалғанымен, жауап ала алмаған.

БҰҒАН ДЕЙІНГІ ШАҒЫМ

Бұл компанияға алданып, бұған дейін де 50-ге жуық адам полицияға жүгінгені белгілі. Ол кезде Данияр Имашев қаражатты қайтарып берген болатын. Алайда бұл жолы тағы жаңа топ жәбірленуші пайда болып, олар да полицияға арыз түсірді.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

– Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес барлық тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Іс сотқа жіберіледі, – деді ол.

АЙТА КЕТЕЙІК

Бұған дейін «Qazaq travel» компаниясының атқарушы директоры Данияр Имашев тергеліп жатқанын хабарлаған едік.