Қазақстандық жүргізушілер Ресей шекарасында қиындыққа тап болды

Сырым Қаржас
фото: Александр Кондратюк / РИА Новости

Қазақстан мен Ресей шекарасында қатаң тексеру тәртібі мен инфрақұрылымның жеткіліксіздігіне байланысты жүк көліктерін өткізу уақыты едәуір артты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазір шекарадан өту үш тәулікке дейін созылады – тексеруге дәл осынша уақыт қажет. Бұған дейін бұл рәсім бар болғаны 10 минутты ғана алатын. Бұл туралы фура жүргізушілері РБК-ға хабарлаған. Олардың айтуынша, жүктердің 99 пайызы мұқият тексеріліп жатыр.

САЛДАРЫ

Қазақстан кеден қызметі жүкқұжаттар мен рұқсатнама рәсімдерін қатаң бақылауға алған. Сонымен қатар, электронды кезек жүйесіндегі ақаулар да тексеру уақытының артуына әсер етуде. Соның салдарынан жүк жеткізу мерзімі 32%-ға, ал тасымал құны 25%-ға артқан. Бұл – компаниялар үшін шығынға әкеліп отыр. Мысалы, Алматыдан Мәскеуге дейінгі жүк жеткізу уақыты қазір 11–14 күнге дейін ұзарып кеткен.

КОНТЕКСТ

Осындай жағдай былтыр да тіркелген еді – ол кезде кеден қызметі Еуроодақтан келген жүктері бар ресейлік фураларды шекарада ұстаған болатын. Сол кезде Қазақстан бұл тауарларды импорттауға салық салу мәселесін қарастырған.