Дональд Трамп Иранға соққы жасау жоспарын бекітті – WSJ

Сырым Қаржас
s.rfi.fr

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға әскери соққы беру жоспарын мақұлдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Америкалық The Wall Street Journal газеті Дональд Трамп Иранға әскери соққы беру жоспарын мақұлдағанын, алайда оны іске асыру жөнінде бұйрық әлі берілмегенін хабарлады. Басылым дереккөздерінің айтуынша, Трамп әзірге Тегеран жақын арада ядролық бағдарламадан бас тартады деп үміт артып отыр.

Егер шабуыл басталса, АҚШ-тың басты нысанасы – Фордо қаласындағы уран байыту зауыты болмақ. Бұл нысан таудың астында орналасқан және әскери сарапшылардың пікірінше, тек аса қуатты бомбалар ғана жойып жібере алатын деңгейде қорғалған, деп жазады DW.

Сонымен қатар, Axios басылымының Ақ үйдегі дереккөздеріне сүйенсек, операция басталар алдында Дональд Трамп АҚШ қарулы күштерінен бұл зауытты жоя алатындай қуатты бункер бұзушы бомбаларға нақты кепілдік алғысы келеді.

КОНТЕКСТ

Израиль мен Иран арасындағы өзара соққылар маусымның 13-іне қараған түні басталды. Сол түні Израиль «Халық арыстандай» атты операцияны бастады. Алғашқы шабуылдар Иранның ядролық нысандарына бағытталған. Бұған жауап ретінде Тегеран жүздеген зымыран ұшырған, артынша Израиль әскері Иран аумағындағы нысандарға соққыларын жалғастырды.